Президент елдің технологиялық дербестікке жетуі білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Бүгінгі форум аясында Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы университеті Қазақстандағы өңірлік зерттеу хабын ашу туралы келісімге қол қояды. Бұл – айтулы жетістік. БҰҰ университетінің өкілдігін Алматыда орналастыру Қазақстанның ғылыми мүмкіндігі әлемдік дәрежеде мойындалғанына дәлел болады, сондай-ақ басқа да білім беру мекемелерімен және ғылыми ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жол ашады. Осылайша, біз университеттеріміздің әлеуетін нығайтып, қуатты академиялық ортаның қалыптасуына тың серпін береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент келешекке сеніммен көз тіккен әрі гүлденген мемлекет құруды жалғастыратынын айтты.
«Былтырғы форумда «Мықты университеттер – келешектің кепілі» деп айтқан едім. Шын мәнінде елдің технологиялық дербестікке жетуі ең алдымен, білім-ғылымның өркендеуіне тікелей байланысты. Сондықтан біз жастарымыздың сапалы білім алып, ғылыми зерттеулермен алаңсыз айналысуына және өз идеяларын жүзеге асыруына барынша жағдай жасауымыз керек. Ұлттың зияткерлік қарымы мен қабілетін ашу тұрғысынан мұның маңызы зор. Біз Конституциямызда айқындалған қағидаттардан айнымай, өркендеген, келешекке сеніммен көз тіккен әрі гүлденген мемлекет құруды жалғастырамыз», - деді Мемлекет басшысы.