Абай күні қарсаңында Алматыда ұлы ақын әрі ағартушының мұрасына арналған мәдени кеш өтті. Ашық аспан астындағы сахнада мыңдаған көрермен «Алғашқы кітап» деректі фильмін тамашалап, музыкалық-поэзиялық және концерттік бағдарламаны көрді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» деректі фильмі Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарыққа шығу тарихын баяндайды.
Докудрама жанрындағы туындыда ақынның 1909 жылы Санкт-Петербургте Ілияс Бораганскийдің баспаханасында жарық көрген алғашқы кітабының тағдыры баяндалады. Фильм авторлары Абай шығармаларының қалай жиналып, баспаға әзірленгенін, кітаптың жарық көруіне кімдердің атсалысқанын, оның неліктен Санкт-Петербургте басылғанын және басылымды шығаруда қандай қиындықтар болғанын көрсетеді.
Фильм көрсетілімінен кейін Алматы қаласының Мәдениет басқармасы ұйымдастырған музыкалық-поэзиялық бағдарлама өтті. Қойылымға Талғат Күзембаев, Лидия Каденова, Ерлан Біләл, Дархан Сүлейменов, Асан Мәжит, Динара Кемелхан, Ерден Жақсыбек, «Алашұлы» тобы және Хор капелласы қатысты.
Мәдени кеш одан әрі Almaty Summer Fest фестивалімен жалғасты. Сахнада Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Ayarai, Birzhan Demeuuly, Nurtore, Magsoul, KeshYou, 6ellucci топтары, IL Canto квартеті және басқа да өнерпаздар Абайдың әндері мен өлеңдерін орындады.
Кеш соңында өнерпаздар мен мыңнан астам көрермен Абай әндерін ашық аспан астында бірге шырқады.