Мықты балалар ауылдан шығады - "Мерейлі отбасы" жеңімпазы

7 Қыркүйек 2019, 12:55
2608
Бөлісу:
Мықты балалар ауылдан шығады - "Мерейлі отбасы" жеңімпазы
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Атырау облысы Индер ауданы Есбол ауылынан келген Асхат Тілекқабылов пен жұбайы марапаттан кейін отбасы туралы айтып, қуанышымен бөлісті.

"14 жылдан бері алтыншы рет ұйымдастырылып отырған "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы біздің елімізге белгілі болды деп есептеймін. Себебі бұл жерде көптеген ұрпақ пен жүздеген жылдар бойы әр отбасы қалыптасқан отбасылық құндылықтар қалыптасады, отбасылық құндылықтан ұлттық құндылықтар туындайды. Отбасылық құндылықтар дегеніміз - балаға отансүйгіштік, ағайындардың арасында бір-біріне деген сыйластық, "үлкенге құрмет, кішіге ізет" деген сияқты ұғымдарды насихаттау... Ата-анамыздан 2 қыз, 6 баламыз. Қазір әкем мен анамыздан  тараған жетпіс екі жанбыз. Анамыз денсаулығына байланысты келе алмай отыр. Әкем ақын еді. Шабыты келгенде өлең шумақтарын шығаратын. Солардың бірін бізге төрт жолды өсиет қалдырып кеткен. "...Адамдық шыңы - сыйластық, шығармассың есіңнен. Сақ боларсың, жалқаулық атты кеселден" деп жазған. Бұл тек бізге емес, болашақ ұрпаққа жазып кеткен өсиет. Ата-бабаларымыздың болашақ ұрпақтың тәрбиесіне осылай араласып кеткенін түсініп отырмыз", - деді Асхат Тілекқабылов.

Жеңімпаз отбасының ата-анасы - мектепте мұғалім. 

"Өмірге екі ұл, үші қыз әкелдік. Тұңғышымыз Айбибі мектепті "алтын белгіге" бітіріп, Әл-фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетін үздік бітірді, Назарбаев стипендиясын алды. Қазір елордада жұмыс істеп жатыр. Екінші ұлымыз - Абылай. Ол да мектепті үздік бітірді. Кішкентай кезінен спортқа бейім болды. Ауыл баласы. Мектепте клубтар жоқ кезде ауданға барып, спортпен айналысты. Әкесі рұқсат берді, бірақ "сабақты ұстайсың, осы бағаңнан түспейсің" деген болатын. Бұл да әкесінің тәрбиесі болар. Ол -  жекпе-жектен,  панкратионнан әлем чемпионы. Қазір Тайландта тағы бір жарысқа дайындалып жатыр. Айтқым келетіні,  балаларымыздың жақсы  тәрбиелі болып өсуіне ата-әжеміздің рөлі зор. Себебі біз - мұғалімбіз. Көп уақытымыз мектепте өтеді. Сонда осы балаларға бар тәрбиелік әңгімелерін айтып, әсіресе, Абылай қазақтың батырлары туралы ертегілер,  аңыздармен өсті", - деді 5 баланың анасы.
WhatsApp Image 2019-09-07 at 12.42.24.jpeg
Отбасындағы қалған үш бала да оқу үздігі. Ортаншы баласы Нұр-Сұлтанда университетте білім алып жатыр. Төртінші бала биыл "Алтын белгіге" үміткер түлек. Кенже қызы Айымгүл орыс тілінен ғылыми жоба қорғап, "Эрудит" сайысының алтын медалін жеңген. 

"Ауылда біз сияқты отбасылар көп. Қарапайым отбасылардан осындай балалар шығады", - деді жеңімпаз ана.

Жезқазған қаласынан келген 83 жастағы Салқауов Тағамбай ата мен 80 жастағы Кәлекова Нұрила апамыз бүгінде 10 баладан 26 немере, 5 шебере сүйіп отырған үлкен әулет.   Ұрпағы ата-әжесінің өнегелі отбасы құндылықтарын жалғасын деген ниетпен  
"Мерейлі отбасы" байқауының финалына барлық баласын алып келген.

ELIT3352.jpg
"Мерейлі отбасы мерекесіне  Қарағанды облысы мысты қала -  Жезқазғаннан келіп тұрмыз. Кемпір екеуміздің мамандығымыз - металлург. Мыс зауытында мен 45 жыл істеп, кемпір 32 жылдан артық істеп осындай дәрежеге жеткен жағдай бар. Қарамағымызда 10 бала бар. Он баладан 26 немере, 5 шебере бар. Баламның алды өзімнің жолымды қуып, мыс зауытында еңбек етіп жатыр. Ол да үшінші, екінші дәрежелі медаль алып, аға жұмысшы болды. Қалған балалар да шүкір. Кемпірмен үйленгенімізге биыл 60 жыл болып отыр... Нұр-Сұлтан қаласына осындай мерекеге балаларым түгел келді. Себебі ертеңгі күні немере-шөберелеріміз "ата-әжеміз еңбек еткен екен, осындай мерейлі отбасы болған екен" деп өссін деген оймен келдік... "Мерейлі отбасы" деген атаққа кір келтірмей, тұқымнан тұқымға жалғасып, мойнымызда үлкен жүк жатыр", - деді Салқауов Тағамбай ата.


ВИДЕО: Кенжетай АҚСЕЙІТОВ
Өзгелердің жаңалығы