Мұз құрсауынан балаларды құтқарған 3 батыр марапатталды

21 Қаңтар 2021, 18:19
2906
Бөлісу:
Мұз құрсауынан балаларды құтқарған 3 батыр марапатталды
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ҚК Ұлттық әскери орталығында Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай кезінде қар құрсауынан жас бүлдіршіндерді құтқарып қалған Бауыржан Қуатұлын, Нариман Бейсембайұлын және Ержан Жанатұлын жасаған ерліктері үшін марапаттау рәсімі өтті.

Бейбіт күннің батырларына Нұр-Сұлтан қаласы әкімі, ҚР КҚ ұлттық әскери-патриоттық орталығының басшылығының және «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы атынан арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.

Мұз құрсауынан балаларды құтқарған 3 батыр марапатталды

Айта кетейік, азаматтар 11 қаңтар күні Нұр-Сұлтан қаласында суға түсіп кеткен жас бүлдіршіндерді мұз құрсауынан жанкештілікпен құтқарған.

Мұз құрсауынан балаларды құтқарған 3 батыр марапатталды

Түс кезі өрт сөндіру бөлімшесіне барар жолда дауыстар естідім. Қай жақтан шығып жатқаны қызық болды. Әуелде балаларды иттер талап жатыр деп ойладым. Көпірге жүгіріп келгенде, мұзға түсіп кеткен кішкентай бала мен оны ұстап тұрған екі қызды көрдім. Бірден көмектесуге түсіп, бүлдіршінді судан шығарып алып, алғашқы көмек көрсеттім. Суда ұзақ болған, денелері қатты тоңып, қол-аяқтары үсіп кеткен. Сол күні ауа райы қатты аяз болды. Баланы орап, жоғарыға көтеріліп көмек шақырдым. Жігіттер қосылды. Балаларды үйіне апарып, жедел жәрдем шақырдық. Балалар реанимацияға түсті. Қазір жағдайлары жақсы, - деп оқиға барысын баяндады Бауыржан Қуатұлы.
Азаматтардың айтуынша, балаларды құтқарар кезде ешқандай сезім болмаған, еш ойланбай, бірден әрекет жасауға кірісіп кеткен.
Біз өзімізді қаһарман деп есептемейміз. Кез келген азамат осындай жағдайда солай ерлік жасар еді. Көмек қолын созу әр адамның борышы, - дейді құтқарушы азаматтар.
Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай ерлік біздің «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы үшін таптырмас үлгі.
Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ешкім іштен батыр болып туылмайды, батырлық та мінез секілді өскен орта тәрбиеге байланысты қалыптасады». Бүгінгінің батырлары жасаған ерліктерін жасөспірімдерге үлгі ретінде көрсетіп, дәріптеу біздің міндетіміз, - деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
 Олжас АДАЙ

Өзгелердің жаңалығы