Әлеуметтік желіде Германияның Берлин қаласындағы Мұстафа Шоқайдың зираты сүрілгелі жатқаны туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ақпараттың рас-өтірігіне қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында жауап берді.
Желіде Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың зиратын бұзып, қиратып, басқа жерге көшіргелі жатқаны туралы жалған ақпараттар тарап жатыр. Бұл ақпарат расталмайды. Өйткені дереу біздің Елшіліктің қызметкері барып, зират қызметкерлерімен сөйлесіп, фото, видеоға түсіріп, бәрін өз көзімен көріп келді. Мұстафа Шоқайдың зираты орнында. Ешқайда көшірілмейді. Ондай жағдай орын алғанның өзінде бізге алдын ала хабар беріледі. Сондықтан мұндай өтірік ақпарат таратуды тоқтату керек, - деп атап өтті Айбек Смадияров.
Еске сала кетейік, қазақтың белгілі саяси және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Оның денесі Берлиндегі түрік қауымы мешітінің ауласында жерленген.