Мусин: Елбасының өкілеттігін одан әрі қысқарту мәселесі Мәжілістің күн тәртібінде тұрған жоқ

18 Сәуір 2022, 14:22
1470
Бөлісу:
Мусин: Елбасының өкілеттігін одан әрі қысқарту мәселесі Мәжілістің күн тәртібінде тұрған жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте Әділет министрі Қанат Мусин Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін одан әрі қысқарту мәселесі Парламент Мәжілісінің күн тәртібінде тұрған жоқ екенін айтты.

Брифинг кезінде журналист министрден Тұңғыш Президенттің өкілеттігін қысқарту мәселесі күн тәртібінде бар-жоғын сұрап, нақты жауап беруді сұрады.

Биылғы оқиғалар Қазақстанның Тұңғыш Президентіне де айтарлықтай әсер еткені анық. Жалпы Қазақстанның мемлекет ретінде дамуында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев орасан зор рөл атқарғанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл тарих. Сондықтан ол тарих бетінде жазылады. Бұл туралы Мемлекет басшысы да айтты. Тарихын ұмытқан халықтың болашағы жоқ, - деп түсіндірді министр Мусин.

Әділет министрі Қазақстанда Конституция бойынша заң шығару бастамасы құқығы үш субъектіге – Президентке, Үкіметке және Парламент депутаттарына тиесілі екенін еске салды. 

Әділет министрлігі мемлекеттік орган ретінде заңнамалық бастама құқығына ие емес. Сәйкесінше Парламентке Тұңғыш Президент туралы заңнаманың күшін жою немесе оны өзгерту туралы ұсыныстар енгізуге құқығы жоқ. Бұл заңды өзгерту қажеттілігі бірінші кезекте қазақстандық қоғамның пікіріне байланысты болады. Бұл Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі арқылы да, заң шығару бастамасының басқа субъектілерінің өкілеттігі арқылы да іске асырылуы мүмкін. Сол себепті қазір «Заңнамаға өзгертулер енгізіле ме?», «Қашан енгізіледі?» деген сұрақтарға жауап бере алмаймын. Өйткені, ол Мәжілістің күн тәртібіне тұрған жоқ. Болашақ көрсетеді, - деп толықтырды Қанат Мусин брифингте.

Өзгелердің жаңалығы