Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Сырдың бас шаһары Қызылорда қаласында республикалық ақындар айтысы өтті.
Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен кіл жүйріктер жиналған Сырдағы айтыс аламанында адуынды ақындармен қатар қызылордалық жас ақындар сынға түсті.
Жыр додасының ашылуында арқалы ақындарға сәттілік тілеген қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Қызылордада дәл қазір ұлттық өнердің, айтыстың, Тәуелсіздіктің дүбірлі тойы басталмақшы. Бұл айтыс Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған ауқымды шаралардың бастамасы болмақ» - деп, атап өтті.
Сонымен бірге тамыры терең тарихи құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға үлес қоссам деген ұлы мақсатпен келген дүлдүлдерге «Ұлттық өнерге сусап қалған ағайынды рухани серпілтіп, жыр көрігін қыздырыңыздар»- деп, лебізін білдірді.
Текті өнерді төрге оздырып, ұлт мұрасы ұлықталған жыр додасында құрдастар әзілі, жастық жалын, іні мен аға сыйластығы көрініс тапты. Дүлдүлдер дүбірінің әділ бағасын жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла және ҚР мәдениет қайраткері, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов сынды белгілі тұлғалар берді.
Тәуелсіздік тағылымын жастардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістіктерін кеңінен дәріптеу, рухани бай мұрамызды, қасиетті Отанымызды жырға қосуды мұрат еткен айтыс қорытындысында 3 орынды павлодарлық Рауан Қайдаров пен қызылордалық Ержеңіс Әбдиев қанжығаласа, сөз бәйгесінің 2-орыны өскемендік Серік Қуанғанға бұйырды. Арқалықтан келген Алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев пен атыраулық арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров 1 орынды өзара бөліссе, Ақмешіттегі айтыс аламанында бас жүлдені Ақтаудан ат басын бұрып, Сыр жұртының алдында сәтті өнер көрсеткен Нұрлан Мұсаев иеленді.