Мұрагерлік құқық: Өсиет қалдыру бостандығы мен мұрагерлердің құқықтарын қорғау арасындағы теңгерім

18 Қараша 2026, 15:09
АВТОР
 facebook.com/Ермек Абдрасулов 18 Қараша 2026, 15:09
18 Қараша 2026, 15:09
87
Фото: facebook.com/Ермек Абдрасулов
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің бас ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Абдрасулов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты. Бұл туралы ол facebook әлеуметтік желісінде жазды. 
Азаматтық заңнаманы жаңарту мұрагерлік құқықтық қатынастар саласын да қамтуға тиіс деп есептеймін. Бұл салада мұра қалдырушының еркі мен мұрагерлердің заңды мүдделері арасындағы әділ теңгерімді қамтамасыз ету айрықша маңызды. Мұрагерлік құқықтың негізгі қағидаттарының бірі – өсиет қалдыру бостандығы. Меншік иесі өзіне тиесілі мүліктің қайтыс болғаннан кейінгі тағдырын дербес айқындауға құқылы. Алайда бұл құқықты жүзеге асыру барысында мұрагерлердің жекелеген санаттарын қорғаудың заңнамалық кепілдіктері, оның ішінде мұрадағы міндетті үлеске құқық ескерілуге тиіс, – деді Ермек Абдрасулов.
 
Мұра қалдырушының жеке мүлкі мен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін ажырату мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Мұраның құрамын айқындау кезінде осы талаптың сақталмауы тірі қалған жұбайдың және өзге де мұрагерлердің мүліктік құқықтарының бұзылуына әкелуі мүмкін.
 
Жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында:
-мұраның құрамын айқындау;
- мұрадағы міндетті үлеске құқықты іске асыру;
- ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын қорғау;
- мұраны іс жүзінде қабылдау;
- мұрагерлік даулар туындаған жағдайда азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін неғұрлым нақты әрі жүйелі реттеу қажет.
 
Бұл саладағы заңнаманың міндеті — меншік иесінің өз мүлкіне билік ету еркіндігін шектеу емес, оның шынайы еркін ескере отырып, өзге де мүдделі тұлғалардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктерді қалыптастыру.
 
Мұрагерлік құқықты жетілдіру — азаматтардың мүліктік құқықтарын қорғаудың, отбасылық даулардың алдын алудың және құқықтық айқындықты қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Наверх