Мұнайшылар мәселесі. Тендер дұрыс өткен-өтпегенін анықтау керек - Қошанов

12 Сәуір 2023, 12:34
809
Бөлісу:
Мұнайшылар мәселесі. Тендер дұрыс өткен-өтпегенін анықтау керек - Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанада Энергетика министрлігі алдында ереуіл ұйымдастырған мұнайшыларға қатысты ойын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тиісті түсініктемені мемлекеттік органдар берді деп ойлаймын. Кім шығуы керек еді - олар шықты. Сондай-ақ бұл мәселемен бәрі, соның ішінде біз де айналыстық. Мұнайшылардың талабы орынды не орынды емес деп айта алмаймын. Себебі қазір мұнымен құзырлы органдар айналысып жатыр. Оның артында кім тұр? Кім мұны ұйымдастырды? Тендер дұрыс өтті ме, дұрыс өтпеді ме? Бұл мәселені де анықтау керек, - деп айтты Қошанов.

Мәжіліс спикері бұл мәселенің артында жемқорлық бар-жоғын да анықтау маңызды екенін айтты.

«Энергетика министрлігі, ҚМГ халық алдына тым кеш шықты деп ойламайсыз ба?» деген сұраққа Ерлан Қошанов былай деп жауап берді.

Мен депутат ретінде жауап беремін – мүмкін. Мүмкін, - деп қысқа қайырды Мәжіліс спикері кулуарда.

Еске салсақ, 11 сәуір күні түнде Астанадағы Энергетика министрлігі алдына жұмыссыздық мәселесін шешуді талап етіп жиналған 150-ге жуық мұнайшылар бейнеүндеу жолдады. Маңғыстаулықтардың алдына шыққан «Қазмұнайгаз» өкілдері келіссөз жүргізілетінін айтты. 

Осы мәселеге қатысты Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдіріп, мәселе қалай шешілетінін айтты.

Ал кеше Үкімет кулуарында осы мәселе жөнінде сөз қозғаған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұнайшылардың талаптары шашыраңқы болғанын атап өтті.

Нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ аппаратының басшысы Ерхан Омаров бастаған арнайы құрылған байланыс тобының мамандары Жаңаөзеннен Астанаға келген мұнайшылармен келіссөз жүргізді.  Бұл дауға қатысты Энергетика министрлігі де ресми жауабын берді. Жаңаөзендік жұмысшылардың митингісіне Астана полициясы да пікір білдірді.  

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарын тыныштық сақтауға шақырды. Жаңаөзен әкімі Айбек Қосуақов та тұрғындарға үндеу жасады. Ал бүгін Жаңаөзендік мұнайшылар аман-есен екендерін көрсетіп, жерлестеріне видео жолдады. 

Бүгін Бас прокуратура мұнайшыларды полиция не үшін алып кеткенін түсіндірді. Сонымен қатар 5 белсенді жаңаөзендікке қатысты әкімшілік іс қозғалғаны анықталды. Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Премьер-министр Әлихан Смайловқа сауал жолдап, мұнайшылардың мәселесін көтерді. Ол мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатқанын айтып, дабыл қақты.

Өзгелердің жаңалығы