Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында жаңа туған нәрестені тастап кеткен әйел әлі күнге дейін табылған жоқ. Аймақтық полиция департаменті баланың анасының жеке басын және оның орналасқан жерін анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда баланың анасын табуға нақты мүмкіндік тумаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда оның жеке басы мен қайда екені белгісіз, – деді облыстық ПД баспасөз қызметі.
Нәресте табылғаннан кейін бірден перинаталдық орталыққа жеткізілген. Оның қазіргі жағдайы туралы ақпаратты Денсаулық сақтау басқармасынан алу күтілуде.
Еске сала кетейік, 5 мамыр күні таңғы сағат 09:30 шамасында Мұнайлы ауданы Бесшоқы ауылында тұрғын үйлердің бірінің терезесіне тасталған жаңа туған нәресте табылған болатын. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері шақырылып, сәбиге алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін құқық қорғау органдары аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады.