Мұнайлы өңірде балық цехы іске қосылды

5 Мамыр 2023, 20:00
1404
Бөлісу:
Мұнайлы өңірде балық цехы іске қосылды
Фото: egemen.kz

Атырау облысы Құрманғазы ауданында су жаңа балық цехы іске қосылды. Жалпы құны 500 млн теңге болатын кәсіпорын арқасында жергілікті 30 азамат екі қолға бір күрек тапты, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Балық шаруашылығы саласына тың серпін беретін Байда ауылындағы цехқа қазынадан қаржы бөлінген жоқ. Нысан Ресей мен Әзірбайжан инвесторларының ақшасына салынған. Оның жалпы ауданы 2500 шаршы метр. Цехта 30 адам еңбек етеді. Тәулігіне 30 тонна су маржанын қабылдап, жылына 1500 тонна өнім өңдеуге қауқарлы.

Ауланған балық арнайы су көлігімен осы цехқа әкелінеді. Қораптарға салынып, қатырылады және сақталады. Су маржанын қатыратын 5 камера бар. Олардың әрқайсысының сыйымдылығы 15 тонна. Алдағы уақытта балық өңдеу үшін мұнда тағы қосымша цех салу керек. Станок сынды жұмысқа керек құралдар алу қажет. Қазір сол бағытқа субсидия алу үшін бизнес жоспарды жасап қойдық. Аудандық кәсіпкерлік палатасына жолдадық,-дейді цехтың бас инженері Тілекқабыл Жәкеев.

Осы жылдың басынан бері өңірде 6 мың тоннаға жуық су маржаны ауланған. Экспорт көлемі де артты дейді мамандар. Балық өнімдері көбіне Польша, Германия, Словакия, Израиль мен Ресейге жөнелтіледі екен.

Былтыр біздің облыстан шетелге 7500-ден астам балық пен балық өнімі шығарылды. Балық шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 2030 жылға дейін 9 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның арқасында балық өсіру көлемін 15 мың тоннаға дейін арттыру көздеп отырмыз. Бұл жұмыстар жүзеге асса 500 жаңа жұмыс орны да ашылады,-дейді Облыстық балық шаруашылығы басқармасы басқармасының бөлім басшысы Сағадат Ақылбек.

Биыл Құрманғазы ауданында 6 мың тоннадан астам су маржаны аулануы тиіс. Бекітілген лимит сондай. Балық аулау маусымы 20 мамырда аяқталады. Жалпы ауданда 6 кооператив бар. Онда 13 мыңға тарта азамат еңбек етеді.

Өзгелердің жаңалығы