Мұнайдан бөлек өмір бар: Азия даму банкі Қазақстан экономикасына болжам жасады

2 Мамыр 2025, 16:09
5299
Бөлісу:
Мұнайдан бөлек өмір бар: Азия даму банкі Қазақстан экономикасына болжам жасады

Азия даму банкі Қазақстандағы көптеген бағыттарға, оның ішінде көлік, қаржы және энергетика, инклюзивті экономикалық өсім, басқару сапасын арттыру және климаттың өзгеруі, гендерлік теңдік пен өңірлік теңсіздікті азайту, жекеменшік секторды дамыту, білім мен денсаулық салаларын дамытуда қомақты қаражат құйып келеді.

Осы ретте Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар елімізге құйылған инвестициялар мен елдің экономикалық болашағы жөнінде BAQ.KZ тілшісіне сұхбат берді.

Қазақстандағы Азия даму банкі өкілдігінің директоры Утсав Кумар тұрақтылық пен өсімге қол жеткізу үшін жеке секторды дамытып, экономиканы әртараптандыруы қажет екенін айтады. Сұхбат барысында ол аталған банктің жобалары мен елге бөлінген қаржы көлемі жөнінде толығырақ айтып берді.

BAQ.KZ: 2023-2025 жылдарға арналған Азия даму банкінің Орталық Азиядағы басты бағыттары қандай?

Утсав Кумар: Азия даму банкінің (АДБ) Орталық Азиядағы қызметі CAREC, яғни Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бұл – мүше елдердің және халықаралық серіктестердің қатысуымен іске асатын өңірлік дамуға арналған алаң. CAREC аясында біз бірнеше стратегиялық бағытқа басымдық береміз. Атап айтқанда, өңірлік байланысты күшейту, энергетикалық қауіпсіздік, сауданы әртараптандыру, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, денсаулық пен азық-түлік қауіпсіздігі – бәрі осы тізімде. Ал Қазақстанға келсек, 2023-2027 жылдарға арналған елдік стратегиямыз үш негізгі бағытты қамтиды: инклюзивті экономикалық өсім, басқару сапасын арттыру және климаттың өзгеруіне қарсы шаралар. Сонымен қатар, біз әйелдер мен өңірлік теңсіздікті азайту, жекеменшік секторды дамыту сияқты мәселелерге де ерекше көңіл бөлеміз.

BAQ.KZ: Қазақстанда қандай ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Утсав Кумар: Қазіргі жобаларымыз негізінен көлік, қаржы және энергетика салаларын қамтиды. Мысалы, Қызылорда мен Жезқазған арасындағы 208 шақырымдық автожолды қайта жаңғырту – маңызды жобалардың бірі. Жол толық пайдалануға берілген соң, жүру уақыты 4 сағаттан 2 сағатқа дейін қысқарады. Шағын және орта кәсіпкерлік те – назарымызда. KMF және микроқаржы ұйымдарымен бірге ауыл-аймақтағы кәсіпкерлерге қолжетімді қаржы ұсынып жатырмыз. Бұл жобалар, әсіресе, әйел кәсіпкерлер үшін маңызды, өйткені ШОК-тардың шамамен жартысын әйелдер басқарады. Энергетикада да ірі бастамалар бар. Алматыдағы ЖЭО-ны көмірден газға ауыстыру, күн электр станцияларын салу және жоғары вольтты желілерді жаңғырту – көміртексіз экономикаға көшу жолындағы қадамдарымыз.

BAQ.KZ: АДБ Қазақстанда қанша жобаға қаржы құйды және олардың жалпы құны қандай?

Утсав Кумар: Бүгінге дейін біз жалпы құны 7,6 млрд долларға жететін 153 жобаға қаржылық және техникалық қолдау көрсеттік. Соңғы екі жылда ғана Қазақстанға 991,8 млн доллар бөлінді. Оның 219 миллионы 2023 жылы, 773 миллионы 2024 жылы бағытталды. 2024 жылдың соңында Қазақстанның банк алдындағы жалпы қарызы 1,94 млрд доллар болды. Оның ішінде үкімет немесе үкімет кепілдік берген қарыз – 1,858 млрд. Қазақстан қарызын уақытында төлеп отыр.

BAQ.KZ: Ал әлеуметтік салада қандай жобалар қолға алынған?

Утсав Кумар: Біз денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудамыз. Қарағандыда 300 орындық оқу ауруханасын салу жобасына техникалық және заңдық тұрғыда көмектестік. Бұл – "Сал–Тапсыр–Пайдалан" концессиялық моделі бойынша 20 жылдық жоба. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бірнеше өңірде медициналық инфрақұрылым мен кадр ресурстарына арналған мастер-жоспар әзірлеп жатырмыз.

Білім саласында да бірқатар жоба бар. Сәтбаев университетінде 5900 орындық жатақхана құрылысы – пилоттық жоба. Бұл бағытта біз келісімшарт пен сатып алу құжаттарының халықаралық стандарттарға сай үлгілерін жасап жатырмыз.

BAQ.KZ: Қазақстанда жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салыпсыздар. Осы жөнінде толығырақ айта өтсеңіз?

Утсав Кумар: Екі ірі күн электр станциясын қаржыландырдық. Оңтүстік-шығыс Қазақстанда қуаты 100 МВт болатын M-KAT станциясы жыл сайын 176 гигаватт-сағат электр өндіреді. Қызылордадағы Байқоңыр күн электр станциясының қуаты – 50 МВт, жылдық өндіретін энергиясы – 73 гигаватт-сағат. Бұл жобалар энергетикалық қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Біз жаңартылатын энергияға қосымша инвестициялар тартуға мүдделіміз.

BAQ.KZ: Қазақстан алдағы жылдары АЭС салуды жоспарлап отыр. АДБ бұл бастамаға қалай қарайды?

Кумар: Біз 2021 жылғы энергетика саясатына сүйенеміз. Онда жаңартылатын энергия, энергия тиімділігі және көміртекті азайту – басты басымдықтар ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, құжатта энергетикалық ауысудағы ядролық энергияның рөлі мойындалады.

BAQ.KZ: АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай бағасын төмендетуді көздеп отыр. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

Утсав Кумар: Қазақстан өз экспортында АҚШ-пен тікелей кедендік тарифтерден онша зардап шекпейді, өйткені тауарлардың 90%-дан астамы босатылған. Бірақ жаһандық экономикалық баяулау, мұнай бағасының төмендеуі және сыртқы инфляциялық қысым – елдің экономикалық болжамына әсер етуі мүмкін.

Қысқа мерзімде басты мақсат – макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау. Ал ұзақ мерзімде – экономиканы әртараптандыру қажет. Жеткізу тізбектеріндегі өзгерістерді тиімді пайдаланып, жеке секторды дамыту, сауда мен инвестицияны кеңейту маңызды. Бұл – орнықты және инклюзивті дамудың негізі.

BAQ.KZ: Уақытыңызды бөліп, жан-жақты сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Утсав Кумар: Сіздерге де алғысым шексіз!

Өзгелердің жаңалығы