Мұнай қалдықтарын төккен компанияға 60 млн теңге айыппұл салынды

25 Қыркүйек 2022, 12:44
1160
Бөлісу:
Мұнай қалдықтарын төккен компанияға 60 млн теңге айыппұл салынды

Маңғыстау облысында мұнай қалдықтарын заңсыз орналастыру дерегі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті Қарақия ауданы Жетібай ауылы тұрғындарының арызы бойынша «VOID» ЖШС үстінен жүргізілген жоспардан тыс тексерудің қорытындысын жариялады.

Айта кету керек, аталмыш тексеру жұмыстары  Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ерекше бақылауында болды.

Жергілікті тұрғындардың шағымынан кейін экологтар оқиға орнына шұғыл жетіп, сынама алған болатын. Ал, жер учаскесі болса «VOID» ЖШС-не тиесілі екені анықталды. Экологтар сынама алған соң заңға сәйкес шара қолдану үшін келтірілген шығын мөлшерін есептеуге кірісіп, «VOID» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Кәсіпорын қызметінде өрескел заң бұзу анықталды.

Атап айтқанда «VOID»  ЖШС  Экологиялық кодексінің 87, 106, 238 және 320 баптарында көзделген талаптарды бұзғаны анықталды. Аталған заң бұзу үшін серіктестік ӘҚБтК-нің төрт бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша кәсіпорын мемлекет пайдасына 59 728 500 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді, - делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы