Мұнай өңдеу зауытындағы апат. Жанар-жағармай тапшылығы бола ма?

4 Шілде 2023, 10:48
913
Бөлісу:
Мұнай өңдеу зауытындағы апат. Жанар-жағармай тапшылығы бола ма?
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында Атыраудағы мұнай өңдеу зауытындағы төтенше жағдайға қатысты айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл аймақтардың энергия жүйесі Батыс энергетикалық торабымен біріктірілген. Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта зауыт басқа кәсіпорындар сияқты өз жұмысын қалпына келтіріп жатыр, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол елде жанар-жағармай тапшылығының болу мүмкіндігіне қатысты да мәселені айтты.

Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алып-қашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің төрағалығымен апаттың себептерін тексеру үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды, - деді Әлихан Смайылов.

Еске салсақ, бұдан бұрын электр қуатының жоқтығынан Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатқанын хабарлаған болатынбыз. Президент Атырау мен Маңғыстауда болған жағдайды ұдайы бақылап отыр.

Өзгелердің жаңалығы