Мұнай компаниялар Мемлекет басшысына жүгінді

22 Желтоқсан 2022, 16:25
1322
Бөлісу:
Мұнай компаниялар Мемлекет басшысына жүгінді

«AMANAT» партиясы жанындағы Мұнай-газ саласы комитетінің жиынында дизель отынымен және газбен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиын барысында мұнай өндіруші компаниялардың өкілдері Энергетика министрлігінің жаңа ұсыныстарына қатысты күмәнін жеткізді.

«Энергетика министрлігінің барлық компанияны өндірілген мұнайды ішкі нарыққа «ҚазМұнайГаз және «PETROSUN» арқылы жеткізуді міндеттеу бастамасы біздің алаңдаушылығымызды туғызып отыр. Барлық мұнай өндіруші компаниялар бұған қатысты өз қарсылығын білдірді.  Біз Президенттің атына хат дайындадық. Осы түзетулер қабылданып кетуі мүмкін, біздің пікірімізге құлақ асса екен дейміз», – деді коммерциялық компанияның өкілі Әділқожа Оспанов.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов бұл бастама «ҚазМұнайГаз» және «PETROSUN» компанияларының әлеуметтік отын жеткізу бойынша қосымша жүктеме алғандығымен байланысты екенін айтты.

«Бүгінде ҚМГ мен «PETROSUN» өндірістің 80%-ы тиесілі, оларда бір тонна мұнай бағасы басқа компаниялармен салыстарғанда 40-50 мың теңгеге төмен. Себебі олар әлеуметтік мазут және аграрларға жеңілдікпен жанар-жағармай жеткізеді. Олардың бағасы тоннасына 230 мың теңге, ал бұл нарықтық бағасы тоннасына 450 мың теңге болатын шағын фирмаларға тиімсіз. Жақын арада біз барлық мүдделі тараппен талқылау ұйымдастырамыз»,- деді вице-министр.

 «Бұл бір ғана компанияның проблемасы емес, олардың артында еңбек ұжымдары тұр, өз міндеттемелері, жалақы төлеу мәселесі бар. Министрлік қазазбастылыққа салмай мәселені тек ашық диалог арқылы шешуі керек. Трейдерлер тапсырыстар есебінен жөндеу, жаңғырту мәселелерін де шешеді. Олардағы баға қандай? Сондықтан мұнда шешу қажет мәселе көп», - деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Өз кезегінде Комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында мұнай өңдеу көлемін жылына 21 млн тоннаға дейін жеткізу, тауарлық газ өндіру көлемін 30 млрд текше метрге дейін ұлғайту, сондай-ақ елдегі газдандыру деңгейін 60%-ға жеткізу міндетін қойғанына назар аударды.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов атап өткендей, өткен жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі 57,67%-ды құрады, яғни 11 млн. адам газға қол жеткізді.

«Осы жылы республикалық бюджеттен 142 жобаны іске асыруға 96,2 млрд.теңге бөлінді, бұл 264,6 мың адамды немесе 103 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2022 жылдың қорытындысы бойынша газдандырудың жоспарланған деңгейі – 59%, басқаша айтқанда 11,2 млн. адам табиғи газға қол жеткізе алады. 2025 жылға қарай халық саны шамамен 413 мың адамды құрайтын 81 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді ол.

Комитет мүшесі Ғибрат Сәрсеновтің пікірінше, тұрғындары күні бүгінге дейін көмір жағып отырған Солтүстік Қазақстанды газбен жабдықтауға баса назар аудару қажет.

«Мәселен, Астанадағы жеке секторда газ тартылуы тартылғанымен, абоненттер оған қосылмай отыр. Газға қосылу құны 1 млн теңгеге дейін барады. Сондай-ақ 150 шаршы метр үйді газбен жылыту құны айына 60 мың теңгені құрайды. Тұрғындар үшін 150 мың теңгеге бірнеше тонна көмір сатып алған тиімді. Бұл көмір бір қысқа жетеді. Сондықтан, біз газ тартқанымызбен халық оны пайдаланбай қоюы да мүмкін», – деді ол.

«QazaqGaz» ҰК АҚ бұл пікірмен келіспей отыр. Компанияның мәліметінше, елордадағы 11 мың тұрғын үйдің 7800-і газға қосылды. Бұл – газ тұтыну көрсеткіші артып келе жатыр деген сөз. Басқарма төрағасының орынбасары Ақбар Төлегеновтің мәліметі бойынша, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан қарсылық болмаған жағдайда «QazaqGaz» үйлерді газға арзанырақ бағаға қоса алады. Ол Қашағандағы газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) құрылысын 2025 жылға қарай аяқтау жоспарланып отырғанын, бұл тауар газының ресурстық базасындағы айтарлықтай өсімін қамтамасыз ететінін жеткізді.

ГӨЗ-дің құрылыс жобасына отандық машина жасаушылар да қызығушылық танытып отыр. «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, олар үшін басты мәселе – зауытта қандай агрегаттар мен технологиялар қолданылатынын түсіну.

«QazaqGAZ жанынан Қоғамдық кеңес құруға шақыра отырып, мұнай сервистік компаниялардың өздері сіздерге оң шешім ұсынып отыр. Бұл дегеніңіз импортты алмастыру және өндірісті оқшаулау деген сөз. Сіздер қазақстандық компанияларға тапсырыс беруге мүдделі болуларыңыз керек», – деп атап өтті партия Хатшысы.

Сондай-ақ, Комитет мүшелері дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелерін де талқылады. Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов отынның шетелге жаппай әкетілмеуі үшін ведомство бірқатар шектеу енгізгенін атап өтті.

«Министрлік 2023 жылғы 9 қаңтарға дейін Қазақстан азаматы жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде жеңіл автомобильдер үшін лимит енгізе отырып, дизель отынына 230-260 теңге/литр көлемінде шекті баға, Қазақстанда көлікті тіркеу туралы техникалық паспортты қосымша көрсеткен кезде жүк көліктері үшін – 300 литр белгіледі. Қазіргі уақытта шекті бағаларды белгісіз мерзімге дейін белгілеу туралы бұйрықтың жобасы әзірленуде», – деді ол.

Өз кезегінде Комитет төрағасы отын жеткізудегі іркілістерге назар аударды.

«Көктем мен күзде дизель тапшылығы пайда болады. Алқаптағы жұмыстар, орақ науқаны басталған тұста дизель отыны табылмай қалады. Шаруалар үшін жеңілдетілген баға қарастырылғаны белгілі. Осындай механизмді өзге саланың еңбеккерлері үшін де қарастыру қажет. Мәселен, металлургия саласына назар аударған жөн. Ең бастысы, тапшылықты болдырмау керек», – деді Ғалым Әміреев.

Жиын қорытындысы бойынша Комитет тиісті орталық және жергілікті атқарушы органдарға арналған бірқатар ұсыным қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы