Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Мұнай экспортындағы кідіріс экономикаға қалай әсер етуі мүмкін

Бөлісу:
 Каспий құбыр консорциумы
Фото: Каспий құбыр консорциумы

Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына қатысты жағдайды терең талдап, дрон шабуылының Қазақстан экономикасы үшін қандай салдар тудыруы мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл оқиға фискалдық шығыннан гөрі жүйелік тәуекелдердің күшейгенін көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айбар Олжайдың айтуынша, 2024 жылдың ортасында КҚК басшылығы ВПУ, ВПУ-1 және ВПУ-2 қондырғыларын толық жаңалау және жаңғырту жобасын әзірлеп қойған. Жоспарға сәйкес, негізгі компоненттерді ауыстыру, тозығы жеткен гидравликалық элементтерді жаңарту және метеорологиялық тәуекелдерге төзімділікті арттыру жұмыстары 2025-2026 жылдары жүргізілуі тиіс болған.

Дәл осы жаңғырту циклі басталар алдында инфрақұрылымға дрон арқылы соққы жасалуы жүйенің әлсіз тұстарына сыртқы ойыншылардың назар аударып отырғанын аңғартты. Экономистің пікірінше, бұл жағдай Қазақстан үшін экспорт қауіпсіздігінің бұрынғыдан да маңызды екенін көрсетті.

Сарапшы негізгі сұрақты нақты қояды: 480 мың тонна мұнайдың экспортталмай қалуы фискалдық соққы ма, әлде уақытша операциялық пауза ма?

Айбар Олжайдың түсіндіруінше, фискалдық соққы дегеніміз – бюджетке түсетін салық пен экспорттық табыстың жоғалуы. Энергетика министрі мәлімдеген 480 мың тонна мұнай Қазақстанның шамамен 3-4 күндік жалпы мұнай өндіру көлеміне тең.

Ақшалай есептегенде, бұл көлем шамамен 3 млн 648 мың баррель мұнайды құрайды. Егер бір баррельдің орташа бағасын 60 доллар деп алсақ, уақытша жоғалған экспорттық түсім көлемі шамамен 219 млн доллар болады.

Дегенмен экономистің айтуынша, бұл сома мұнай өндірушілер үшін басты проблема емес.

Айбар Олжайдың пікірінше, КҚК тоқтағанда немесе оның өткізу қуаты төмендегенде, бір мезетте үш ірі фактор қатар әсер етеді.

1. Қоймалардың толып кетуі және өндірісті қысқарту қаупі

Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарында мұнайды сақтау инфрақұрылымы шектеулі. Егер мұнай тасымалы 5-7 күнге созылып тоқтаса, өндірісті біртіндеп қысқартуға тура келеді.

Мұндай жағдай 2022 және 2023 жылдары Қара теңіздегі дауылдар кезінде бірнеше рет байқалған. Ал қысқартылған өндірісті кейін қайта қалыпқа келтіру оңай емес. Мұнай – су емес. Кранды жауып, керек кезде оңай қайта аша салатын жүйе емес. Қысым өзгереді, парафин қатып қалады, құбыр мен ұңғымаларда ақаулар пайда болады. Оны қайта іске қосу – өте қиын әрі қымбат процесс, – дейді ол.

Сонымен қатар мұндай жағдайда жоспарланбаған технологиялық апаттардың қаупі де артады.

2. Экспорттық кестелердің бұзылуы

Екінші маңызды проблема – экспорттық логистиканың бұзылуы. Айбар Олжайдың айтуынша, Қара теңіздегі мұнай танкерлерін «яндекс такси» сияқты кез келген уақытта шақырып алу мүмкін емес.

Барлық танкерлер алдын ала бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді. Егер өндіріс тоқтап, жүктеу жүзеге аспаса, экспорттық график бұзылады. Бұл өз кезегінде келісімшарт талаптарының бұзылуына және айыппұл төлеуге әкеледі.

Одан бөлек, алдын ала брондалған танкерлер басқа елдердің мұнайын тасымалдауға кетіп қалуы мүмкін. Бұл экспортты қайта қалпына келтіруді одан әрі қиындатады.

3. Бюджет пен Ұлттық қорға түсімдердің уақытша тежелуі

Үшінші фактор – бюджет пен Ұлттық қорға түсетін қаражаттың уақытша кешігуі. Алайда экономистің айтуынша, бұл мәселе айлық немесе тоқсандық жоспарлар аясында кейін қайта теңестіріледі.

Макро деңгейде бұл ұзақ мерзімді ауыр соққы деп айту қиын. Министрдің айтуынша, жылдық жоспар сақталады, жоғалған күндер өтеліп, экспорт көлемі жылдың соңына дейін қайта жабылады, – дейді Айбар Олжай.

Осы тұрғыдан алғанда, фискалдық масштабта бұл жағдай ұзақ мерзімді соққы болып саналмайды.

Алайда сарапшының айтуынша, басты мәселе – тәуекелдің сипаты өзгергенінде. Ол енді операциялық деңгейден жүйелік, құрылымдық қауіптер деңгейіне ауысты.

Айбар Олжай КҚК-дағы оқиға халықаралық серіктестерге де қауіпті сигнал беруі мүмкін екенін ескертеді. Атап айтқанда, Қазақстан мұнайын тұрақты түрде сатып алып отырған Италия мен Германиядағы мұнай өңдеу зауыттары үшін жеткізілімнің тұрақсыз болуы күмән тудыруы ықтимал.

Ең қауіпті сценарий – олар бізге ашық айтпаса да, біртіндеп басқа жеткізушілерді іздей бастайды. Сондықтан мұндай тәуекелдің өзі жоққа шығарылуы керек, оған жол бермеу қажет, – деп түйіндеді экономист.

Өзгелердің жаңалығы