Мұнай бағасы үшінші апта қатарынан төмендеп жатыр

Мұнай нарығына қатысушылар 29 қарашада өтетін ОПЕК+ министрлерінің кездесуін күтуде. Жиында ұйымға мүше елдер мен олардың серіктестері 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясатын талқылайды.

 pixabay 23 Қараша 2026, 08:30
23 Қараша 2026, 08:30
70
Фото: pixabay

Әлемдік нарықта мұнай бағасы үшінші апта қатарынан арзандап келеді. Бұған әлемдік қор биржаларындағы активтердің жаппай сатылуы әсер еткен. Алайда Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс мұнай бағасының одан әрі күрт төмендеуіне жол бермей отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

23 қараша күні таңертең Brent маркалы мұнайдың фьючерстік бағасы 28 центке немесе 0,30 пайызға төмендеп, барреліне 92,29 доллар болды. Ал WTI маркалы америкалық мұнай 15 центке немесе 0,18 пайызға арзандап, барреліне 83,26 долларды құрады.

Мұнай бағасының төмендеуі соңғы апталарда жалғасып келеді. Өткен аптада Brent маркалы мұнай 4 пайызға, ал WTI 5 пайызға арзандаған. Осылайша, екі марканың бағасы да үшінші апта қатарынан төмендеп отыр.

Мұнай нарығына қысым жасаған негізгі себептердің бірі – әлемдік қор биржаларындағы активтердің жаппай сатылуы. Инвесторлар әлемдік экономиканың өсу қарқынына және жасанды интеллект саласының экономикалық өсімге қосатын үлесіне қатысты алаңдаушылық білдіруде.

Дүйсенбі күні Азия қор нарықтары да төмен көрсеткішпен ашылды. Оңтүстік Кореяның технологиялық компаниялар акцияларын қамтитын индексі 4 пайызға құлдырады. Қытай, Гонконг және Австралия қор нарықтарында да акциялар арзандады. Ал АҚШ-тағы Nasdaq индексі өткен аптада 10 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс мұнай бағасының одан әрі құлдырауын тежеп отыр. Демалыс күндері Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы маңында сауда кемелеріне қатысты бірнеше оқиға тіркелген. Бұған қоса, Иранмен байланысы бар хуситтер қозғалысы Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Австралияның XAnalysts компаниясының мұнай нарығы жөніндегі бас сарапшысы Мукеш Сахдевтің айтуынша, қазіргі уақытта мұнай бағасының төмендеуіне әлемдік қаржы нарығындағы жалпы ахуал әсер етіп отыр. Алайда кемелерге жасалған шабуылдардың салдары кейінірек байқалуы мүмкін.

Оның сөзінше, мұнай тасымалдауға арналған бос танкерлердің саны артып келеді. Ал мұнай тиелген танкерлер саны көбеймей отыр. Бұл шикізатты жеткізуге қатысты тәуекелдерді күшейтуі мүмкін.

Нарықтағы белгісіздікке әсер ететін тағы бір мәселе – климаттық саясат. Түркияда өткен COP31 климаттық саммитінде елдер қорытынды құжат бойынша ортақ келісімге келе алмады. Атап айтқанда, қазба отын түрлерін біртіндеп пайдаланудан шығару туралы ұсынысқа қатысты келіссөздер нәтиже бермеген. Сауд Арабиясы мен басқа да ірі мұнай өндіруші елдер бұл ұсынысты қорытынды құжатқа енгізуге қарсы шықты.

Енді мұнай нарығына қатысушылар 29 қарашада өтетін ОПЕК+ министрлерінің кездесуін күтуде. Жиында ұйымға мүше елдер мен олардың серіктестері 2027 жылға арналған мұнай өндіру саясатын талқылайды.

Наверх