Әлемдік мұнай бағасы соңғы екі айдағы ең төменгі деңгейге дейін түскеннен кейін қайта өсті. Бұған Ормуз бұғазында сауда кемелеріне жасалған шабуылдардың жалғасуы себеп болды. Бұл жағдай Таяу Шығыстан мұнай жеткізуге қатысты алаңдаушылықты күшейтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Brent маркалы мұнай фьючерстері 71 центке немесе 0,78 пайызға қымбаттап, барреліне 92,20 долларға жетті. Ал WTI маркалы америкалық мұнайдың бағасы 49 центке немесе 0,57 пайызға өсіп, барреліне 86,53 доллар болды.
Қазір мұнай нарығына екі түрлі фактор әсер етіп отыр. Бір жағынан, АҚШ өкілдерінің Иран төңірегіндегі әскери шиеленістің одан әрі өршу ықтималдығы азайғаны туралы мәлімдемелері жағдайдың тұрақталуына үміт ұялатты. Екінші жағынан, танкерлерге жасалған шабуылдар мұнай тасымалының үзілу қаупін күшейтіп отыр.
Вашингтондағы Таяу Шығыс саясаты институтының мәліметінше, қазан айында Ормуз бұғазы мен оған іргелес суларда 37 кемеге шабуыл жасалған. Бұл – соғыс басталғалы бері бір айда тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Қараша айында тағы 10 шабуыл болған.
Аймақтағы жағдай әлі де күрделі. Жексенбі күні Оман жағалауында Navig8 танкерінде өрт шықты. Иранның мемлекеттік телеарнасының хабарлауынша, сол күні бұғаз арқылы рұқсат етілмеген бағыттармен өткен үш танкерге шабуыл жасалған. Ал сейсенбі күні Ұлыбританияның UKMTO агенттігі Оманның солтүстік-шығысында тағы бір кемеге соққы жасалғанын хабарлады.
Өз кезегінде Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері Тегеран рұқсат етілмеген деп санайтын бағытта теңіз миналарына соғылу салдарынан екі танкерде өрт шыққанын мәлімдеді.
Қақтығысты реттеу туралы келісімге қол қойылған күннің өзінде Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы бірден қалпына келмеуі мүмкін. LSEG сарапшыларының айтуынша, мұнай тасымалын арттыру үшін алдымен бұғаздың су айдынын миналардан тазарту, сақтандыру шығындарын азайту және кеме иелерінің осы бағытты қайта пайдалануға дайын болуын қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар сауда кемелеріне жасалған шабуылдар әлі тоқтаған жоқ.
Мұнай бағасына әсер етіп отырған тағы бір фактор – АҚШ-тағы мұнай қорының артуы. Америкалық мұнай институтының мәліметінше, 6 қарашада аяқталған аптада елдің коммерциялық мұнай қоры 9 миллион баррельге көбейген.
Ресейдегі мұнай өңдеу көлемінің қысқаруы да нарыққа әсер ететін факторлардың бірі болып отыр. Салалық дереккөздердің мәліметінше, қазан айының соңынан бері украиналық дрондардың жаңа шабуылдарынан кейін Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты шамамен 30 пайызға төмендеген.