Мұнай бағасы барреліне 84 долларға дейін өсті

Сарапшылар геосаяси тәуекелдер аясында мұнай нарығы өте құбылмалы болып қалатынын атап өтуде.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:52
Бүгiн 2026, 12:52
272
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Мұнайдың әлемдік бағасы өсуін жалғастыруда. 5 наурыздағы сауда-саттық мәліметтері бойынша, халықаралық Brent маркалы мұнайдың құны барреліне $83,08 құрады, ал АҚШ-тың WTI маркасы - $76,67 болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Сонымен қатар, сауда-саттық барысында Brent бағасы 84 доллардан жоғары көтерілді, бұл алдыңғы күннің деңгейінен 3%-дан астам жоғары.

Бағаның өсуі Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің күшеюімен байланысты. Нарық қатысушылары әлемдік энергетикада маңызды рөл атқаратын аймақтан мұнай жеткізуде іркілістер болуы мүмкін деп қауіптенеді.

Инвесторлардың ерекше назары әлемдік мұнай саудасындағы ең маңызды бағыттардың бірі - Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдайға аударылған.

Ол арқылы жаһандық мұнай жеткізілімінің шамамен 20%-ы өтеді, сондықтан шикізатты тасымалдауға қатысты кез келген қауіп-қатер әлемдік нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін.

Сарапшылар геосаяси тәуекелдер аясында мұнай нарығы өте құбылмалы болып қалатынын атап өтуде.

Инвесторлар оқиғалардың дамуын мұқият қадағалап отыр. Өйткені шиеленістің одан әрі өршуі энергия ресурстары бағасының қосымша өсуіне әкеп соғуы мүмкін.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастап, ел аумағындағы нысандарға бірқатар әуе соққыларын жасаған болатын.

Осы шабуылдар аясында Иранның мемлекеттік БАҚ-тары жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеидің қаза тапқаны туралы хабарлады.

Осыдан кейін Иран БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шұғыл шаралар қабылдау және Вашингтон мен Тель-Авивтің әрекеттерін айыптау туралы үндеу жолдады.

Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты Дубай әуежайы жұмысын уақытша тоқтатқан болатын.

Дубай халықаралық әуежайына шабуыл жасалды. Оқиға нәтижесінде күту залы аздап зақымданған, дегенмен жағдай тез арада оқшауланған.

Сондай-ақ, бір тәулік ішінде Таяу Шығыс елдерінен 1200-ден астам Қазақстан азаматы эвакуацияланатынын хабарладық. 

Наверх