13 қараша, жұма күнгі сауда қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 95,84 доллар, ал WTI 88,56 доллар болды. Соңғы сауда күніндегі аздаған ауытқуларға қарамастан, екі эталондық марканың да бағасы бір аптада шамамен 2,5 пайызға төмендеді. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді.
Жұма күнгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,02 пайызға қымбаттап, барреліне 95,84 долларға жетті. Ал америкалық WTI маркалы мұнай, керісінше, 0,20 пайызға арзандап, барреліне 88,56 доллар болды.
Мұнай нарығына ұсыныстың артуы және әлемдік сұраныстың әлсіреуі мүмкін деген қауіп әсер етті.
Бағаға қосымша қысым жасаған факторлардың бірі – Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) есебі. Онда әлемдік нарыққа мұнай жеткізу көлемінің ұлғайғаны айтылған.
АҚШ-тағы статистикалық мәліметтер де баға динамикасына ықпал етті. Елде импорт көлемінің артуы және жанармайға сұраныстың төмендеуі аясында шикі мұнай мен мұнай өнімдерінің қоры көбейген.
Сонымен қатар нарық қатысушылары Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отыр. Ормуз бұғазы маңындағы тұрақсыз ахуал мен өңірдің энергетикалық инфрақұрылымына жасалған шабуылдар туралы хабарламалар мұнай жеткізіліміне қатысты тәуекелдерді күшейтіп отыр.