Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында VI Спартакиада басталды

27 Қыркүйек 2021, 21:10
9109
Бөлісу:
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында VI Спартакиада басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті нашар спортшылар арасында еліміздің VI Спартакиадасының ресми ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық Паралимпиада комитетінің Президенті Қайрат Боранбаев, МСМ Спорт  және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Токио Паралимпиадасының жүлдегерлері Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет, Нұрдәулет Жұмағали қатысты.

Жалпы қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті нашар спортшылар арасында Қазақстанның VI Спартакиадасын Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласы қабылдайды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда паралимпиадалық, ал Шымкентте параалимпиадалық емес спорт түрлерінен бәсеке өтіп жатыр.

Ақтоты Райымқұлова елімізде паралимпиадалық спорттың даму жағдайы бүгінгі таңда біршама оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті.

Кеше ғана Жапонияның астанасы Токио қаласында өткен Паралимпиада ойындарында еліміздің құрамасы өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, халқымызға зор қуаныш сыйлады. Тарихи жеңіске толы Паралимпиада нәтижесі елдегі паралимпиада спортының дамуына керемет серпін береді деген үміттеміз. Бүгін біз жиналып отырған осы бір заманауи спорт кешені Сіздер үшін жасалған керемет мүмкіндік, спортпен шұғылдану үшін қолайлы жағдай туғызатын бірегей ғимарат. Барша спортшылар қауымына сәттілік серік болсын дей отыра, алдағы уақытта әлем атлеттері бас қосатын халықаралық ареналарда көк туымызды биікте желбірете беруін тілеймін,-деді министр.

Әр өңірдің құрамалар шеруінен кейін сөз алған Қайрат Боранбаев Рио мен Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарындағы жетістіктен кейін азаматтар арасында қызығушылықтың артқанын жеткізді.

Жыл санап республикалық Спартакиадаға қатысушылар саны артып келеді. Мәселен, биыл бәсекеде бақ сынайтындар саны алғаш рет мыңнан асты. Бұл жалпы қоғам үшін үлкен жетістік деуге болады. Паралимпиадалық қозғалық мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып жатыр,-деді Ұлттық Паралимпиада комитетінің Президенті.

Осыдан кейін Қайрат Боранбаев пен Ақтоты Райымқұлова елорда төріндегі Паралимпиадалық жаттықтыру орталығын аралап, әмбебап кешеннің жұмысымен танысты.
Өзгелердің жаңалығы