«100 жаңа есім»: Мұхтар Тайжанның ұлы Тоқаевтың алдында сөз сөйледі

1 Мамыр 2021, 15:05
8571
Бөлісу:
«100 жаңа есім»: Мұхтар Тайжанның ұлы Тоқаевтың алдында сөз сөйледі

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының арасында қоғам белсендісі, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжанның ұлы 23 жастағы Санжар Тайжан да бар. 

Алматы қаласында туып өстім. Инженер-өнертапқышпын. Бала кезімде-ақ кім болатынымды, немен айналысатынымды білдім. Әрдайым технологияны жақсы көрдім. Күн сайын таңғы шайдың алдында отбасылық көлігімізге барып амандасатынмын. Төрт жасымда түгел машинаның маркасын жатқа білетінмін. Ата-анама бұл күлкілі көрінетін. Ал 6 жасымда өзім ойлап табатын автомобиль брендіне «ТайСан Моторс» деп ат қоям деп шештім. Қазір сол арманымды іске асыруға жақын тұрмын, - дейді Санжар Тайжан. 

Ол осы күнге дейін әлемнің 20 елінен 400-ден астам инженерін тарта отырып, озық технологиялармен байланысты бірнеше жобаға қатысқан.

Басты мақсатымыз – көліктерді тиімді әрі қолайлы ете түсу болды. Алдағы уақытта Илон Маскпен кездесемін. Ол біздің идеямызға қызығушылық танытып отыр. Илон Маск - қайтпайтын қайсарлығымен ұнайды. Осындай тәжірибенің арқасында өз идеяларымызды соңына дейін іске асыра алатынымызға сенімдімін, - дейді жас инженер. 

Санжар 2017 жылы мен Уорвик университетіне түсіп, Илон Масктің турниріне қатысатын екі команданы жасақтағанын айта кетті. 

Бірінші командам – Warwick Hyperloop. Бұл командамен SpaceX Hyperloop турнирінде жартылай финалға өтіп, 1600 команданың арасынан үздік 35 ұжымның ішіне кірдік. Екінші командамның аты – Warwick Boring. Бұл командамен финалға өтіп отырмыз. Осы күні командамызбен Америкадағы конкурстың финалына дайындалып жатырмыз. Биылғы жазда Илон Масктің өзіне бұрғылаушы машинаның прототипін таныстырамыз. Ол жерде әлемдегі үздік инноваторлардың Топ-3 пайызы қатысады, - дейді «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы.

Ол өздері жасаған инновациялық технология әлемге 3D өлшеммен қозғалуға мүмкіндік беретініне сенімді. 

Қазір бәріміз 2D өлшеммен қозғалып жүрміз. Бұл конкурсқа басында 400 команда іріктеп алынған болатын. Қазір финалда 12 команда қалдық.  Жобаның болашағына Уорвик университетінің басшылығы да сеніммен қарап отыр. Прототипті жасауға жан-жақты қолдау көрсетті. Бұл ғылыми жобаны негізінен өзім оқыған университет қаржыландырды. Ол жағынан университетіміз жақсы қолдау көрсетеді. Турнир біткен соң Қазақстанға қайтып келіп, көлікпен және технологиялармен байланысты жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмын, - дейді Санжар Тайжан.

Айта кетейік, қоғам белсендісінің ұлы 2017 жылы Ұлыбританиядағы College Cembridge-дің «Жыл студенті» атанған.

Өзгелердің жаңалығы