Мұхтар Ербаянның өліміне қатысты медициналық орталық ресми түсініктеме берді

Науқас ауыр жағдайда жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірі үшін бір айға жуық күрестік деп отыр.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 12:01
Бүгiн 2026, 12:01
202
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Мұхтар Ербаянның  қайтыс болуына байланысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталықтың басқарма төрағасы Ержан Әділбековтің айтуынша, науқас 2026 жылғы 26 мамырда жедел жәрдем қызметімен мекемеге өте ауыр жағдайда жеткізілген.

Ол кезде науқас мидың жарақаттық ауруының клиникалық декомпенсация сатысында болған. Қабылдау бөлімінде оның қандағы оттегі деңгейі небәрі 40 пайыз болып тіркеліп, артериялық қысымы 70 мм сынап бағанасынан төмен түскені анықталған.

Осыдан кейін науқас анестезиология және реанимация бөліміне жатқызылып, қарқынды терапия басталған.

Ержан Әділбековтің мәліметінше, Мұхтар Ербаян 2023 жылдың желтоқсанында ауыр бассүйек-ми жарақатын алған. Сол кезде Алматы қаласының Орталық қалалық ауруханасында жедел субдуралды гематомаға байланысты ота жасалған. Кейін ұзақ уақыт кома жағдайында жатып, кейіннен амбулаториялық емге «вегетативті жағдай» диагнозымен шығарылған.

Пациент бірнеше рет оңалту емінен өткенімен, оның жағдайында айтарлықтай клиникалық жақсару болмаған.

Айтуынша, науқас орталыққа екіжақты пневмония аясында дамыған ауыр тыныс жеткіліксіздігімен түскен. Кейін жағдайы біртіндеп нашарлап, полиоргандық жеткіліксіздік синдромы қосылған. 

Науқас реанимация бөліміндегі жеке палатада ем қабылдады. Тәулік бойы мейіргерлік бақылау ұйымдастырылды. Палата барлық қажетті медициналық құрал-жабдықпен және заманауи аппараттармен қамтамасыз етілді. Дәрілік терапия толық көлемде жүргізілді. Сонымен қатар туыстарына күн сайын науқастың жағдайын бақылауға мүмкіндік берілді, – деді Ержан Әділбеков.

Оның сөзінше, емдеу барысында орталық мамандары мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың қатысуымен бірнеше мәрте консилиум өткізілген. Сондай-ақ Түркия Республикасындағы дәрігердің қатысуымен де кеңес ұйымдастырылған.

Алайда барлық жүргізілген ем-шараларға қарамастан, науқастың жағдайы күрт нашарлаған.

Кеше полиоргандық жеткіліксіздік белгілері күшейіп, жүрек қызметі тоқтады. Соның салдарынан биологиялық өлім тіркелді, – деді орталық басшысы.

Сөз соңында Ержан Әділбеков марқұмның туған-туыстары мен ата-анасына көңіл айтып, қайғыларына ортақ екенін жеткізді.

Айта кетейік, 23 маусымда Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасаған еді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от BAQ.KZ ақпарат агенттігі (@baq.kaz)

Наверх