Мүгедектік туралы анықтама алу талаптары жеңілдетіледі

5 Шілде 2022, 11:23
2869
Бөлісу:
Мүгедектік туралы анықтама алу талаптары жеңілдетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. 

Айтуынша, қазіргі таңда мүгедектікті белгілеуге өтініш білдірген азаматтар мен қоғам тарапынан куәландыру процесінің ашықтығына қатысты шағым өте көп айтылады. 

Осы проблеманы шешу үшін, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүгедектікті белгілеудің проактивті немесе «сырттай куәландыру» форматына көшуді бастадық. Бұл үлгінің қысқаша мәні мынадай: Азаматтардың денсаулығы туралы мәлімет және осыған байланысты тіршілік қалыбының өзгеруі жөніндегі дәрігердің қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігінің Мүгедектігі бар азаматтар туралы орталықтандырылған мәліметтер базасына келіп түседі, - деп түсіндірді ведомство басшысы. 

Белгілі болғандай, бұрын базадан ол әркімнің тұрғылықты жеріне жолданатын. Бұдан былай ешкімнің жеке мәліметін көрсетпей, автоматты түрде үш өңірдің сарапшылар комиссиясына жіберіледі деп отыр. 

Комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданып, ол шешім азаматтарға ыңғайлы форматта жолдануда. Бүгінге дейін 25 мыңнан астам құжат немесе осы салада көрсетілетін мемлекеттік қызметтің 21%-ы осындай форматпен қаралды. Жұмыс қорытындысы бірқатар тың мүмкіндіктер бар екенін көрсетті. Атап айтқанда, азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына ұсынатын қағаз құжаттардың барлық түрін толық алып тастап, емханаларды бірыңғай терезе ретінде айқындауға жол ашылды, - деді министр. 

Сонымен қатар ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдардың нақты тізімін анықтай отырып, көмекке мұқтаж әр азаматқа жеке атаулы  оңалту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі пайда болған. 

Бұл бағыттағы жұмысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп атқарып жатырмыз. 2023 жылдың соңына дейін медициналық-әлеуметтік сараптама жұмысын түбегейлі өзгертіп, осы саладағы қызметтің тең жартысын проактивті форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз, - дейді Тамара Дүйсенова. 

Еске сала кетейік, бұған дейін министр елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтар тұратынын айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы