Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.
Сенатта министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасын таныстырды.
Серік Шәпкеновтың айтуынша, заң жобасы Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды, еңбек ардагерлерін және азаматтардың өзге де жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру үшін әзірленді.
Заң жобасы Парламент Мәжілісі мен Сенаттағы жұмыс тобы мүшелерінің, Үкімет жанындағы Мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылықпен сараптамалық қоғамдастықтың ұсыныстары бойынша қабылданды, - деді ол.
Ол заңдағы негізгі жаңалықтарға тоқтала кетті.
Себептеріне қарамастан І топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсетушілерге жаңа жәрдемақы түрін енгізу қаралған. Бүгінгі таңда І топтағы 66 мың мүгедектігі бар адамның ішінен әрбір үшіншісі (24 мың адам) күтімі бойынша жәрдемақымен де, жеке көмекшінің қызметімен де қамтылмаған. Яғни басқа адамның көмегіне зәру, өз бетімен жүріп-тұра алмайтын жандар. Осылайша, заң жобасын қабылдау нәтижесінде күтімі бойынша жәрдемақымен қосымша 24 мың адам қамтылады, - деп атап өтті министр.
Одан бөлек, бала денсаулығының бұзылу дәрежесін және тыныс-тіршілігінің шектелуін ескере отырып, заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды топтар бойынша бөлу көзделген. Бұл шара бала ауруының дәрежесіне қарай 16 іс-шара мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде жәрдемақылар мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді.
Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға әсер етеді.