Мүгедектерден ақша жымқырған шенеунік сотталып, айыппұл төледі

5 Қыркүйек 2019, 16:52
1978
Бөлісу:
Мүгедектерден ақша жымқырған шенеунік сотталып, айыппұл төледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы әкімінің экс-орынбасары кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқаны үшін сотталып, 2000 АЕК айыппұл төледі.

«ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ж. Әбішев және оның бауыры Е. Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ж. Әбішев өзінің бауыры Е. Әбішевті пайдаланып, кәсіпкерлікке қызметке заңсыз атсалысқан. Шенеунік бауырына жұмысты ұйымдастыруда қамқорлық танытқан», - деп хабарлады апта сайынғы брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров.

Агенттік өкілінің айтуынша, Е. Әбішев Қарағанды облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына мүгедектерге арналған арбаны жеткізуде 101 млн теңге бюджет қаржысын жымқырған. 

«Сотқа дейінгі тергеу сатысында Әбішевтер келтірген шығынның орнын толтырды және прокуратурамен кінәсін мойындау туралы процессуалды келісімге қол қойды. Осы жылдың 5 қыркүйегінде Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы сотының үкіміне сәйкес, Ж. Әбішевке 2000 АЕК көлемінде айыппұл тағылды, сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызметте ешқандай лауазымды қызмет атқара алмайды», - деп қосты Бигайдаров.

Ал бауыры Е. Әбішев шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Өзгелердің жаңалығы