«Мүгедек» сөзі «мүгедектігі бар адам» сөздерімен ауыстырылады

27 Сәуір 2022, 10:34
2777
Бөлісу:
«Мүгедек» сөзі «мүгедектігі бар адам» сөздерімен ауыстырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Мүгедек», «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты.

Депутат Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.

Оның сөзінше, заң жобасы бойынша 75 актіге, оның ішінде 11 Кодекске, 64 заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.

Депутат заң жобасының негізгі нормаларына тоқталып өтті.

Заң жобасында мүгедек адамдарға қатысты дискриминацияға жол бермеу мақсатында бірқатар норма енгізіліп отыр. Оның ішінде «мүгедек»,  «мүгедек бала», «Ұлы Отан соғысының мүгедегі» деген сөздер тиісінше «мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала» және «Ұлы Отан соғысы кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы және ауруы салдарынан мүгедектігі бар адам» деген сөздермен ауыстырылады, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Айтуынша, әлемдік тәжірибеде «рeople-first language» деген түсінік, яғни бірінші кезекте оның адам баласы екеніне мән беріліп, кейін оның ауру-сырқаты жөнінде айтылуы қажет.

Сондай-ақ оңалту, мүгедектіктің алдын алу және осы бағыттағы атқарылып жатқан қызметтерді біріздендіру мақсатында «абилитация» түсінігі енгізілді. Абилитацияның сапалы ұйымдастырылуы, медициналық реабилитациядағы ем-домның сапасын едәуір көтеретін әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмек. Бұл норма БҰҰ конвенциясына сәйкестендірілді, - деп толықтырды мәжілісмен.

Одан бөлек, мүгедектігі бар адамдармен жұмысты реттеу үшін, әкімдіктерде және бірқатар министрлікте «штаттан тыс кеңесшілер» тағайындалып келді. Бірақ осы күнге дейін олардың жұмысын әзірлеу және тағайындау тәртіптері пысықталмаған еді. Енді бұл мәселені үйлестіру бойынша тиісті мемлекеттік органның құзыреті кеңейтіліп, тағайындау, әзірлеу тәртібі реттеліп, біріздендіріледі.

Өзгелердің жаңалығы