Алматыдағы жаңартылған Республика алаңындағы пандустардың жағдайы әлеуметтік желіде сынға қалды. Тұрғындардың бірі кейбір пандустардың бүлінгенін, ал енді бірінің жоғарғы жағында баспалдақ барын айтып, мүгедектер арбасындағы адамдар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналарға қолайлы жағдай жасалмағанын айтты. Тұрғындардың шағымына қала басшылығы жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған жазбада тұрғын Республика алаңын аралау кезінде мүгедектер арбасындағы адамдардың өздігінен қозғалуына кедергі келтіретін бірнеше мәселені байқағанын жазған.
Бүгін Алматыдағы жаңартылған Республика алаңын аралап жүріп, әкімдікке бір сұрақ қойғым келеді: мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдар қалай жүруі керек?, – деп жазған ол.
Жазба авторының айтуынша, алаңды қайта жаңғырту жұмыстары шамамен төрт айға созылғанымен, іс жүзінде одан да ұзақ уақыт жүргізілген. Ал алаңды қамтитын Сәтбаев көшесін абаттандыру жобасының жалпы құны шамамен 19,5 млрд теңге.
Оның сөзінше, қазірдің өзінде кейбір пандустардың төменгі бөлігі бүлінген. Ал кейбірінің жоғарғы жағында баспалдақ бар. Соның салдарынан мүгедектер арбасындағы адам пандуспен көтерілгенімен, соңында кедергіге тап болады.
Әкімдік барлық азаматқа қолайлы, кедергісіз орта жасалғаны туралы есеп берді. Бірақ ол орта қайда? Мүгедектер арбасындағы адамдар қалай өздігінен жүре алады? Балалар арбасын итеріп жүрген ата-аналар қалай қозғалады? Атқарылған жұмысты кім қабылдап, нысанның қолжетімділігін кім тексерді?, – деп сұрақ қойған тұрғын.
Ол осындай ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін барлық адамға қарапайым әрі қолайлы жағдай жасауға болмағанына наразылық білдіріп, Алматы әкімдігі мен Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасынан нақты жауап күтетінін жеткізген.
Әкімдік не деп жауап берді?
Тұрғынның жазбасынан кейін Алматы қаласы Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Басқарманың хабарлауынша, Республика алаңын абаттандырудың негізгі жұмыстары аяқталған. Алайда Байсейітова көшесі бағытындағы іргелес аумақта кейбір жұмыстар әлі жалғасып жатыр.
Басқарма қолданыстағы пандустардың жағдайынан және оларды тиісті күйге келтіру қажеттігінен хабардар, – делінген ресми жауапта.
Ведомствоның мәліметінше, жоба аясында қолданыстағы гранит жабындысын ауыстыру, пандустарды қалпына келтіру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Негізгі мақсат – жаяу жүргіншілерге, соның ішінде қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау.
Пандустар неге жөнделмеген?
Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы аталған нысандардың ұзақ уақыт бойы кешенді жөндеуден өтпегенін атап өтті. Сондықтан оларды қалпына келтіру жұмыстары қазіргі абаттандыру жобасына енгізілген.
Жұмыстар аяқталғаннан кейін іргелес аумақ пен пандустар жобалық шешімдерге сәйкес тиісті күйге келтіріледі, – деп хабарлады басқарма.
Осылайша, әкімдік пандустардың қазіргі жағдайынан хабардар екенін және оларды жөндеу жоспарланғанын мәлімдеді. Алайда жұмыстардың нақты қашан аяқталатыны туралы ақпарат берілген жоқ.