Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім беру және тәлімгерлік мәселелері туралы заң жобасында ұсынылған норманың маңызын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасында білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту ұсынылып отыр.
Депутат Аймағамбетов бұл жерде мектеп директорының дербестігін кеңейту туралы мәселе болып отырғанын айтты.
Бұл директорды міндеттейтін норма емес. Егер мысалы, сіз мектептің директоры болсаңыз, ал мектептегі штат жиынтық санына байланысты соншалықты директор орынбасары беріледі. Егер ол үлкен мектеп болса, онда көп орынбасар болады. Мектеп шағын болса, онда аз болады, - дейді ол.
Сөзінше, жекеменшік мектептерде дербестік бар. Оларды ешкім шектемейді. Қажет болса, екі орынбасар қалдырады. Штаттарын басқа лауазымға береді.
Сондықтан тек қана әкімшілік лауазымдарға тиесілі дербестік беріп отырмыз. Мұның мұғалімдерге ешқандай қатысы жоқ. Яғни мұғалімдер негізгі персонал болғандықтан, оларды өзгерте алмайды. Тек қана өзінің орынбасарлары сияқты лауазымдарды бір-бірімен алмастыра алады. Яғни оларды педагогикалық бағыттағы лауазымдарға ауыстыра алады. Бізде көп мектепте психолог, әлеуметтік педагог, профориентолог жетіспейді, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.
Депутат осы норма арқылы директорларға қажетті мамандардың санын толтыруға мүмкіндік беріліп отырғанын атап өтті.
Бұл алмастыру типтік штаттық кестенің шеңберінде болуы керек. Одан көп жалақы болмайды, - дейді депутат Мәжілістің кулуарында.
Еске салсақ, ғалымдардың жалақысына үстемақы төлеу ұсынылған болатын, сонымен қатар мектептерді әр бес жыл сайын тексеру ұсынылған еді, сондай-ақ мектеп директорлары орынбасарларының санын қысқарта алатынын да жазған болатынбыз.