Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының инклюзивті білім беру виртуал зертханасы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл зертхана өз қызметін «Қазақстанның орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі» ғылыми бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырады.
Оның мақсаты – инклюзивті практиканы іске асыруда педагогтердің кәсіптік құзыреттілігін арттыру.
Бағдарламаның негізгі міндеттерінің бірі – инклюзивті виртуал зертхана платформасын құру. Осы платформа заманауи цифрлық технологиялардың көмегімен педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және барлық білім алушылардың ерекше қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2021 жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасында осы салада кешенді ғылыми зерттеулер қажеттілігі айтылған. Қазіргі таңда академия осы саладағы үш ғылыми бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. Олар: орта білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен қолжетімділікті қамтамасыз етудің тұжырымдамалық моделі, мектеп оқушыларын кәсіптік бағдарлаудың инклюзивтілігін қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық-әдіснамалық негіздері және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды үздіксіз психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу (балабақша – мектеп – колледж). Бұл зертхана білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз етуде мұғалімдер үшін көмекші ресурс болады және бұл инклюзивті білім беруді дамытуға елеулі үлес қосары даусыз, – деп атап өтті академияның Инклюзивті білім беру орталығының директоры Светлана Исмагулова.
Виртуал зертхана – онлайн оқыту мен бейнеконференцияларды жазуға арналған заманауи жабдық. Зертханада болашақ педагогтерді даярлау бойынша ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамы үшін және біліктілікті арттыру курстарының тренерлері үшін педагогтердің инклюзивті практиканы іске асыруға дайындығын қамтамасыз ету бойынша оқыту курстарын өткізу жұмыстары ұйымдастырылады.
Виртуал зертхана қызметі шеңберінде қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру бойынша материалдар әзірлеу жоспарланды.