Мұғалімдерге әлеуметтік желі жүргізу міндетті ме? – Министрлік жауап берді

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова әлеуметтік желі жүргізу педагогтің тікелей қызметтік міндетіне жатпайтынын айтты.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:06
Бүгiн 2026, 16:06
97
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте педагогтердің әлеуметтік желілерді жүргізуіне қатысты мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифингте журналист Мәжіліс депутаттары ұсынған «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістерге байланысты нақты сұрақ қойды.

Атап айтқанда, журналист педагогтерді мектептен тыс уақытта болған оқиғалар үшін жауапкершіліктен босату және оларды әлеуметтік желі жүргізуге мәжбүрлеуге тыйым салу нормаларын енгізу туралы бастамаларға министрліктің ұстанымын сұрады.

Министрлік депутаттардың педагогтарды оқу процесінен тыс уақытта болған оқиғалар үшін жауапкершіліктен босату және мұғалімдердің әлеуметтік желі жүргізуден бас тарту құқығын заңмен бекіту туралы ұсыныстарын қолдай ма? Себебі кей жағдайларда мектеп басшылығы мұғалімдерді әлеуметтік желі жүргізуге мәжбүрлейді, – деді журналист.

Вице-министр бұл мәселелер қазір қаралып жатқанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес педагог мәртебесін арттыру мақсатында заңға өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, оқу процесінен тыс уақытта болған жағдайлар үшін жауапкершілік мәселесі де талқыланып жатыр, – деді Шынар Ақпарова.

Әлеуметтік желілерге қатысты сұраққа жауап бере отырып, ол бұл бағыттағы құқықтар қолданыстағы заңнамада реттелгенін атап өтті.

Онлайн платформаларды пайдалану мәселесі арнайы заңмен реттеледі. Педагог кез келген азамат сияқты әлеуметтік желіні жүргізуге де, жүргізуден бас тартуға да құқылы. Бұл құқық заңда бекітілген, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, әлеуметтік желі жүргізу педагогтің тікелей қызметтік міндетіне жатпайды.

Педагогтің міндеттері еңбек шарты мен нормативтік-құқықтық актілерде көрсетіледі. Ал әлеуметтік желі – бұл жеке құқыққа қатысты мәселе, – деді ол.

Сондай-ақ вице-министр депутаттар ұсынған нормалар әлі де талқылау сатысында екенін жеткізді.

Бұл бастамалар қазіргі таңда жұмыс тобының қарауында. Қорытынды шешім қабылданғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі, - деді Шынар Ақпарова.

Наверх