Мұғалімдердің жалақысын кешіктірмеу керек. Министр білім басқармаларын сынға алды

6 Желтоқсан 2023, 09:02
3678
Бөлісу:
Мұғалімдердің жалақысын кешіктірмеу керек. Министр білім басқармаларын сынға алды
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев аппарат отырысында мұғалімдерге уақытында жалақы төлемейтін өңірлерді сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бейсембаев министрлікке жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзыретіндегі мәселелерге қатысты шағымдар жиі түсіп тұратынын айтты. Сөзінше, жақында Ақтөбе облысындағы ата-аналар мектептегі тамақтануды ұйымдастыруға қатысты шағымданған. Бірақ ата-аналар Білім басқармасынан тұщымды жауап ала алмаған.

Тағы бірнеше облыстан мұғалімдер жалақының дұрыс аударылмағанына шағымданды. Өздеріңіз білетіндей, қаңтар айынан бастап аймақтарға, өңірлерге тиісті қаржы толықтай аударылып отыр. Сол себепті айлыққа қатысты сұрақта ешқандай проблема туындамауы керек. Бірақ министрлік осы мәселеге араласуға мәжбүр болып, оны біз араласқаннан кейін шешіп отыр. Сондықтан Білім басқармалары, білім бөлімдері, мұғалімнің айлығын, жалпы педагогика саласы қызметкерлерінің айлығын кешіктірмей, дер кезінде төлеп тұруды қамтамасыз етулеріңіз керек. Бұл сіздердің тікелей міндеттеріңіз, - деп ескертті Оқу-ағарту министрі.

Ведомство басшысы әріптестеріне азаматтардың барлық сұрағына жедел және тұщымды жауап берілуі керегін айтты.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясатын іске асыру жөніндегі жұмысты барлығымыз күшейтуіміз қажет. Сондықтан Білім басқармаларының басшылары бұл мәселені ерекше бақылауға алып, ел тұрғындарының сұраныстарына уақытында жауап беріп, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыруы қажет. Педагогтермен, оқушылармен, ата-аналармен арақатынасты нығайту үшін және уақытылы кері байланыс орнату мақсатында бүгіннен бастап өңірлік білім басқармалары басшылары мен олардың баспасөз хатшыларының нөмірлері министрліктің сайтында жарияланады, - деп айтты Ғани Бейсембаев аппарат отырысында.

Өзгелердің жаңалығы