Мұғалімдердің жалақысын уақытылы төлемеген 16 тұлға жазаланды – БҒМ

10 Желтоқсан 2020, 13:11
2056
Бөлісу:
Мұғалімдердің жалақысын уақытылы төлемеген 16 тұлға жазаланды – БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бюджет қаражатын сапасыз жоспарлағаны үшін жергілікті атқарушы органдардың 16 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында 6 лауазымды тұлғаға қатысты шара қолданылды. Олар - білім бөлімдерінің басшылары, бас бухгалтерлер және экономистер. Жамбыл облысында 5 лауазымды тұлға жазаланды. 

Қарағанды облысында білім бөлімінің бас бухгалтері, Павлодар және Ақмола облыстарында білім бөлімдерінің бас экономистері де тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, Қостанай облысында инклюзивті сыныптарда өткізген сабақтары үшін педагогтердің еңбекақысын төлемеу фактісі анықталды. Облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті мен Еңбек жөніндегі инспекция басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде білім бөлімінің басшысына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта өңірде мұғалімдер алдындағы қарыз толық өтелді, - делінген ақпаратта.

Педагогтердің еңбекақыларын уақтылы төлемеу фактілеріне жол бермеу мақсатында Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті облыс және аудан әкімдеріне және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өңірлік еңбек жөніндегі инспекцияларына тиісті хаттар жолдады.


Өзгелердің жаңалығы