Мұғалімдердің еңбек демалысы: 56 күнге ақша қалай төленеді?

3 Маусым 2023, 15:20
35840
Бөлісу:
Мұғалімдердің еңбек демалысы: 56 күнге ақша қалай төленеді?
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ архив

Мұғалімдердің демалыс ақысы қалай есептеледі? Бұл жайында Оқу-ағарту министрлігі Бюджетті жоспарлау департаментінің басқарма басшысы Гүлайым Тоқпанова түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Педагогтер оқу жылы аяқталғаннан кейін жыл сайынғы еңбек демалысына шығады. Педагогтерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының екі түрі беріледі. Олар – негізгі және қосымша.

«Педагог мәртебесі туралы» заңға сәйкес әрбір педагог ұзақтығы 56 күнтізбелік күн мөлшерінде негізгі еңбек демалысын алуға құқылы. Білім беру ұйымдары көп жағдайда жеке лауазымдардың, мысалы, мектепалды сынып тәрбиешісінің, музыка жетекшісінің, концертмейстердің, көркемдік жетекшісінің, хореографтың, аудармашының, сурдопедагогтің, жастар ісі жөніндегі инспектор, өндірістік оқу ісі шебері сияқты педагогтердің күндерін қысқартады, - деді басқарма басшысы.

Бұл лауазымдағы педагогтер стандартты демалыс алуы керек. Күнтізбелік 56 күн. Толық емес жұмыс күнінде жұмыс істейтін педагогтерге де осындай күндер беріледі.

Экологиялық қолайсыз аймақтарда және радиациялық қауіпі бар аумақтарда тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстар қарастырылған. Экологиялық қолайсыз аймақта тұратын педагогтер үшін қосымша демалыстың ұзақтығы – 7 күннен 12 күнге дейін. Радиациялық қауіпі бар аумақта тұратын педагогтер 5 күннен 14 күнге дейінгі мерзімді құрайтын қосымша демалыс алуға құқылы.

Мұғалімдердің еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу алгоритмі қандай?

Мереке күндері еңбек демалысы болып есептелмейді. Еңбек демалысын беретін кезде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады. Еңбек демалысы орта күндік жалақыны демалыс күндерінің санына көбейту арқылы есептелінеді. Орташа күндік табыс 12 айдағы есептелген жалақы сомасын нақты жұмыс істеген күндер санына бөлу арқылы есептейді. Егер мұғалім бір жылдан аз уақыт жұмыс істесе, онда орташа күндік жалақыны есептеу үшін нақты жұмыс істеген айлар ғана есепке алынады, - деп түсіндірді ол.

Еңбек демалысын пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған педагогке өтемақы төленеді.

Гүлайым Тоқпанованың айтуынша, өтемақыны есептеу үшін орташа күндік табыс пайдаланылмаған демалыс күндерінің санына көбейтіледі. Еңбек демалысының төлемі және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыдан салық ұсталынады. Әрбір білім беру ұйымы еңбек демалысының төлемдерін уақытылы төлеуге жауапты. Еңбек демалысының төлемі демалыс басталғанға дейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді. Егер педагогтің еңбек демалысы демалыс кестесінен тыс болса, оған төлем демалыс берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс.

Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.

Білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлері, яғни директор, әдіскер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент лауазымдарының жалақысы мөлшері базалық жалақыны тиісті коэффициенттерге көбейту арқылы айқындалады. Пән мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесі белгіленген. Сондықтан олардың жалақы мөлшері лауазымдық ақыны апталық нақты оқу жүктемесіне көбейту және шыққан туындыны нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы есептеледі, - деді Оқу-ағарту министрлігі өкілі.

Нәтижесінде қосымша ақылар мен үстемақылар қамтылмайтын жалақының негізгі бөлігі есептелінеді.

Нормативтік жүктемесі бар мұғалімдерге сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері оларға еңбек демалысы берілген күннен нақты оқу жүктемесінен есептелінеді.

Өзгелердің жаңалығы