Мұғалімдерге гольф алаңын тазалатқан басшы жұмыстан босатылды

14 Қыркүйек 2021, 13:44
2562
Бөлісу:
Мұғалімдерге гольф алаңын тазалатқан басшы жұмыстан босатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мұғалімдерді міндетінен тыс артық жұмысқа жеккен тұлға жұмысынан босатылды. Бұл туралы БҒМ-нің аппарат жиналысында Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова баяндады.

Оқу жылы басталғаннан бері білім және ғылым саласында сапаны Сапаны қамтамасыз ету комитетіне ата-аналардан, педагогтардан 70-ке жуық өтініш пен арыз түсті. Бұл арыздың басым көпшілігі педагог мәртебесін бұзуға байланысты, - деді ол.
Айтуынша, барлық түскен өтініш бойынша жергілікті департаменттер тиісті шаралар қабылдап жатыр.
Мысалы, Түркістан облысында Сарыарғаш ауданында Б. Омаров атындағы №50 мектеп мұғалімдерінен арыз келіп түсті. Арызда мұғалімдерді курорттық аймақта гольф жерін тазалауға тартқаны жазылған. Мәселені жан-жақты зерттей келе, аталған мектеп директорының міндетін атқарушы адам өз орнынан босатылды. Сонымен қатар Түркістан облысынан түскен тағы бір арызда балабақшаның тәрбиешісі заңсыз негізде өз жұмысынан босатылғаны айтылған. Бірақ облыстың Білім басқармасы дер кезінде тиісті шешім қабылдамаған, - деп айтты Көбенова.
Сонымен бірге білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменті қызметкерлерінің жан-жақты зерттеуінен кейін тәрбиеші бұрынғы жұмысына қайтып оралды. Қазір ол жұмысын жалғастырып жатыр. Одан бөлек, Атырау облысында Қ. Ахмедияров атындағы орта мектептің мұғалімі педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жұмысынан босатылды.
Алматы облысында департамент қызметкерлері мұғалімнің өтінішінен кейін шаралар қабылдады. Өтініште мұғалім білім беру ұйымдарында ақша жинау және оларға тән емес функцияларға тарту фактілері туралы хабарлаған. Мәселе қаралғаннан кейін Текелі қаласындағы №6 орта мектебінің директорын қызметінен босату туралы шешім қабылданып, осыған ұқсас фактілер расталды. Сонымен қатар Текелі қаласы әкімдігінің білім бөлімі басшысын тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды, - деді ол аппарат жиналысында.
Педагогтердің құқықтары жиі бұзылуы Түркістан мен Алматы облыстарында байқалады.

Айта кетейік, бұған дейін министр білім басшыларының жұмысын сынға алды.
Өзгелердің жаңалығы