Мұғалімдерді артық жұмысқа жегу қашан тоқтайды? Министрлік түсіндірді

Вице-министрдің айтуынша, білім беру ұйымдары оқу процесін ұйымдастыруда дербес.

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 15:51
Бүгiн 2026, 15:51
93
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мұғалімдердің жүктемесіне қатысты мәселеге жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Брифинг барысында журналист педагогтерге түсетін қосымша міндеттер, атап айтқанда мектептен тыс уақытта балалардың өмірі үшін жауапкершілік, сондай-ақ түрлі шаралар ұйымдастыруға мәжбүрлеу мәселесін көтерді.

Қазір парламентте мұғалімдерді сабақтан тыс уақытта балалардың өмірі үшін жауап беруден және қосымша жүктемеден босату мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар мектептерде пән апталықтары кезінде түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға міндеттеу бар. Мұғалімдер бұл жүктемеге қатысты жиі шағымданады. Осы бағытта қандай жоспарларыңыз бар?– деп сұрады журналист.

Вице-министрдің айтуынша, білім беру ұйымдары оқу процесін ұйымдастыруда дербес.

Білім туралы заңның 43-бабына сәйкес білім беру ұйымдары оқу процесін ұйымдастыруда дербес жұмыс істейді. Оқу-тәрбие жұмыстары мектептің жылдық жоспарына сәйкес жүзеге асырылады, – деді Шынар Ақпарова.

Оның сөзінше, пән апталықтары мен түрлі іс-шараларды ұйымдастыру педагогтердің, оның ішінде сынып жетекшілерінің міндетіне кіреді.

Егер бұл шаралар мектептің бекітілген жұмыс жоспары аясында жүргізілсе, онда ол педагогтің қызметтік міндетіне сәйкес орындалады, – деді вице-министр.

Сонымен қатар ол артық жүктеме ұғымына да түсінік берді.

Егер педагогке белгіленген міндеттемеден тыс қосымша тапсырмалар берілсе, онда бұл артық жүктеме болып есептеледі, – деді ол.

Мұндай жағдайлар тіркелсе, нақты фактілермен жүгінуге болатынын айтты.

Егер осы бойынша нақты деректер болса, дәйек келтіріп, тиісті орындарға хабарласуға болады, – деді Шынар Ақпарова.

Бұған дейін министрлік "мұғалімдерге әлеуметтік желі жүргізу міндетті ме?" деген сауалға жауап берген еді.

Наверх