Мұғалімдерден артық есеп талап етуге болмайды – министрлік

Мұғалімдер кәсіби қызметіне қатысы жоқ өзге мәліметтерді енгізуге міндетті емес.

 ©BAQ.KZ архиві 18 Тамыз 2026, 13:25
18 Тамыз 2026, 13:25
142
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда педагогтерге әртүрлі ақпараттық жүйелерге бір мәліметті бірнеше рет енгізуге тура келетін жағдайларды азайту жоспарланып отыр. Бұл туралы журналистердің сұрағына жауап берген Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер мұғалімдердің оқушылар, педагогтер және оқу процесі туралы бір ақпаратты бірнеше ақпараттық жүйеге қайта-қайта енгізуге мәжбүр болатыны жөніндегі шағымдарына назар аударды. Бұған қоса, оқу жылы барысында мектептерге білім бөлімдері мен басқармаларынан шұғыл түрде қосымша есеп сұратылатын жағдайлар да кездеседі.

Шынар Ақпарованың айтуынша, қазір білім беру ұйымдары мен педагогтер толтыруға міндетті ақпараттардың нақты тізбесі бекітілген. Министрлік артық есептілікті болдырмау үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелерді өзара интеграциялауды жоспарлап отыр.

Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жоспарымызда бар. Педагогтерден қосымша, артық есеп талап етуге болмайды, – деді бірінші вице-министр.

Ол биылдан бастап ақпараттық жүйеге қосылған білім беру ұйымдарынан бір мәліметті қағаз және электронды форматта қатар талап етуге жол берілмейтінін атап өтті.

Егер білім беру ұйымы ақпараттық жүйеге қосылған болса, бір мәліметті бір мезетте қағаз түрінде де, электронды түрде де сұратуға болмайды. Қазіргі таңда барлық мектеп ақпараттық жүйелерге қосылған, – дейді Шынар Ақпарова.

Жүйелерді интеграциялау бір мәліметті қайта-қайта енгізу мәселесін толық шеше ме деген нақтылау сұрағына бірінші вице-министр білім бөлімдері мен басқармалары қажетті ақпаратты деректер базасынан өздері ала алатынын айтты.

Білім бөлімдері мен басқармалары базадағы барлық қажетті мәліметті өздері жүктеп ала алады, – деді ол.

Сонымен қатар педагогтер өздерінің тікелей қызметтік міндеттері аясында ақпараттық жүйелермен жұмысын жалғастырады. Атап айтқанда, электронды журналдарды толтырып, оқу процесіне тікелей қатысты мәліметтерді енгізеді.

Мұғалімдер өздерінің функционалдық міндеттері шеңберінде ақпараттық жүйелерде жұмыс істейді, электронды журналдарды толтырады. Ал кәсіби қызметіне қатысы жоқ өзге мәліметтерді енгізуге міндетті емес, – дейді бірінші вице-министр.

Шынар Ақпарова егер педагогтерден қызметтік міндеттерінде қарастырылмаған қосымша есеп талап етілсе, мұндай жағдайлар бойынша аумақтық департаменттерге жүгінуге болатынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін БЖБ мен ТЖБ болмайтыны, мектептердегі бағалау жүйесі өзгеретіні хабарланды

Наверх