Мұғалімдерден ақша жинау қашан тыйылады?

2 Ақпан 2022, 14:03
3474
Бөлісу:
Мұғалімдерден ақша жинау қашан тыйылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен брифингте осы сұраққа жауап берді.

Білім саласындағы сыбайлас жемқорлық әлі де тоқтамай тұр. Мысал ретінде кеше ғана тәрбиешілерден аттестациядан өту үшін ақша жинаған басшыны келтіруге болады. Енді осындай проблемаларды жою үшін не істеу керек? Мұғалім, тәрбиешілерден және басқа да білім саласындағы қызметкерлерден ақша жинау қашан тыйылады? – деп редакциямыз сауал жолдады.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні осындай жағдай болды. Өздеріңіз білетіндей, соңғы 5 жылда білім беру мекемелерінде мемлекеттік аттестаттау жүргізілген жоқ. Ол былтырдан бастап қайта жүзеге асып жатыр.

Мемлекеттік аттестацияның мақсаты – сапаны көтеру және әдістемелік көмек көрсету.

Өкінішке қарай, кейбір білім беру ұйымдары осы бағытта жұмыс істеудің басқа жолдарын іздеген. Алматы облысында да бір жағдай анықталды. Кеше ШҚО-да болды. Одан бөлек, біздің сенім телефондарымызға да осындай ақпараттар келіп жатыр. Осы ретте жергілікті атқарушы органдарды, білім беру басшыларын бірлесе жүйелі жұмыс жасауға шақырамыз. Педагогикалық әдепті сақтау өте маңызды. Педагог мәртебесін жоғары ұстау қажет, - дейді Гүлзат Көбенова.

Оның сөзінше, министрліктің басты мақсаты – келешек ұрпақты тәрбиелеу, оларға сапалы білім беру. 

Көбенова жақын арада жоспар бойынша министрлік пен жергілікті департаменттерден құралған комиссия мүшелері мұғалімдермен кездесу үшін барлық облысқа, ауданға баратынын айтты.

Мазалайтын сұрақтарды сол жерде жан-жақты талқылап, бір шешімге келуге болады, - деп айтты комитет төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы