Мұғалімдер жылына бір емес, төрт рет біліктілікті арттыру курсынан өтуі керек

24 Қыркүйек 2021, 09:49
11257
Бөлісу:
Мұғалімдер жылына бір емес, төрт рет біліктілікті арттыру курсынан өтуі керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәніне қатысқан оқушылар түрлі кәсіп бастаған. Ұстаздар шәкірттерінің жетістігін Ұлттық палатаның төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездесуде бөлісті. 

Сондай-ақ олар Оқытушылар қауымдастығын құру мен біліктілікті арттыру курсын жылына бірнеше рет өткізуді ұсынды.   

Тимур Құлыбаев еліміздегі бала туу қарқынды жүріп жатқанын атап, еңбек нарығына шығатын дайын кәсіпкерлердің үлесін арттыру қажеттігіне тоқталды. Сондықтан ол бұл пәннің маңызын атап, ұстаздардың атқарып жатқан еңбегіне алғыс айтты. 

Сіздер оқытып жатқан балалар кәсібін бастап, елге қызмет ете алады. Отбасына жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашады. Сондықтан бүгінге керек жұмыс. Еліміз жас, мектепте үш миллионға жуық бала оқиды. Жақын уақытта 3,5 миллионға жетеді. Колледж бен университеттерде білім алатын миллионға жуық студент бар. Яғни жыл сайын еңбек нарығына шығып, немен айналысатынын білуі керек адам саны артып келеді. Мемлекет ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесін 50 пайызға жеткізу керек деген тапсырма қойды. Себебі тұрақты дамыған мемлекет болу үшін осындай көрсеткішке жету керек, – деп атап өтті Тимур Құлыбаев. 

Нұр-Сұлтан қаласының №1 мектеп-лицейінде білім беретін Гүлнара Кәрімованың оқушылары сабаққа қатысқанды ұнатып қана қоймай, сонымен қатар кәсіпкерлік бойынша олимпиадалар мен конкурстарға қатысады. Олардың кейбірі өз ісін де ашқан. 5starseducation «DALA School» балаларды дамыту орталығы – жоғары сыныптың екі оқушысы – Тимур Русланов пен Сағида Айтқожинаның бірлескен жобасы. Балалар мектепте бизнес жүргізу негіздері бойынша дағдыларды меңгеріп, кәсіп жүргізіп отыр. Бүгінде жобаның жалпы түсімі – шамамен 5 млн теңге. 

Оқушыларыма сабақ ұнайды. Төрт оқушыдан тұратын команда Оzgeris бизнес-инкубаторында 50 мың теңгенің грантын жеңді. Сондай-ақ 2020 жылы жоғары сынып оқушысы Марсель Мадияров AIFC «Finance and Economics Olympiad» конкурсында бірінші орынды иеленіп, алтын медаль алды. Болашақта біз балаларымызды Forbs тізімінен көргіміз келеді, – деп бөлісті педагог.  

Сондай-ақ Екібастұздан келген мұғалім Дария Дошимова пән тек оқушыларға емес, сондай-ақ мұғалімдерге де қызықты екенін атап өтті. Ол мектеп оқушылары мен студенттерді кәсіпкерлік негіздеріне бейімдеп, оқытуға көмектесу үшін бейінді қауымдастық құру ұсынды. Қауымдастық мұғалімдердің біліктілігін арттыруға тұрақты курстар, әдіснамалық қолдауды ұйымдастыруға көмектеседі. 

Бұл мұғалімдер үшін өте қажет. Себебі біз болашақ кәсіпкерлерді даярлаймыз. Одан әрі Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әрбір оқушының дағдысын дамытып, қаржы алуға, бизнес бастауға мүмкіндік береді. Стартаптың жұмысын сүйемелдейді, – деді Дария Дошимова.   

Оқытушылар Тимур Құлыбаевқа 5-9 сынып оқушылары үшін экономика, бизнес және қаржылық сауаттылық негіздері бойынша мектеп бағдарламасына арнайы курстар енгізуді ұсынғысы келетінін айтты.  Сонымен қатар, ұстаздар үшін біліктілікті арттыру курсын көбейтуді сұрады. Төралқа төрағасы бұл мәселені шешуге уәде берді. 

Біз мұғалімдерді қолдау жағынан бар жағдай жасаймыз. Ұстаздар жылына бір рет қана біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Енді Білім министрлігінің ресурстары жетпесе, біз «Халық» қоры арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Мұғалімдер жылына бір емес, өзіңіз айтқандай төрт ретке дейін біліктілікті арттыру курсынан өту керек, – деп қолдады ұсынысты төралқа төрағасы.   

Тимур Құлыбаев жобаның болашағы бірінші кезекте оқытушыларға байланысты екенін атап, олар айтқан ұсыныстардың бәрін қабылдайтынын атап өтті. Ол үшін Білім министрлігінің өкілдерімен кездесіп, тиісті шара жүргізілетінін жеткізді. 

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқыту қалай жүріп жатқанын жіті қадағалайды.  Сіздің тікелей қатысуыңызбен Қазақстанда мектеп партасынан бастап ерекше бизнес-орта қалыптасып жатқанына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ел экономикасы үшін маңызды. Ортақ жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз – біліммен қаруланған мектеп оқушылары кәсіпкерлікке батыл қадам басып, бизнесін ашып жатыр. Оның ауқымын кеңейту үшін сіздердің жобаны дамыту және жақсарту бойынша ұсыныстарыңызды зерделеп, Білім министрлігімен талқылаймыз, – деп қорытындылады Тимур Құлыбаев.

Өзгелердің жаңалығы