Мұғалімдер, оқушылар және студенттер 175 олимпиадаға қатыса алады

7 Қараша 2022, 09:13
1929
Бөлісу:
Мұғалімдер, оқушылар және студенттер 175 олимпиадаға қатыса алады

Қазақстандық мұғалімдер, оқушылар және колледж студенттері республикалық және халықаралық 175 олимпиадаға қатыса алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Олардың тізімін Оқу-ағарту министрлігі ұсынған.

Зияткерлік сайыстар ауылдық, қалалық, мемлекеттік, жекеменшік және мамандандырылған мектептердің оқушыларына арналған. Оларға 2-4, 5-6, 9-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Оқушылар үшін барлығы 142 олимпиада мен жарыс қарастырылған. Ал 33 олимпиада мұғалімдерге арналған. Бұл байқаулардың нәтижелері аттестация кезінде ескеріледі.

Олимпиадалардың басым көпшілігін Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізеді. Былтырғы оқу жылында «Дарын» республиканың 6 362 білім ордасының 266 мың оқушысына арналған олимпиадалар ұйымдастырды. Бұл зияткерлік ойындарда жеңіске жеткен балалар еліміздің ұлттық құрамасына қабылданып, кейін беделді халықаралық олимпиадаларда Қазақстанның намысын қорғайды.

Олимпиадалардың басым бөлігі республикалық және жергілікті бюджет есебінен өткізіледі. Сондай-ақ олар балалар үшін тегін ұйымдастырылады. Оның үстіне олимпиадаға қатысатын балалардың саны жыл сайын артып келеді. Біріншіден, бұл білім саласын цифрландырудың арқасында мүмкін болды. Балаларға бір жерге барудың, қағаз және құжаттарды басып шығарудың қажеті жоқ. Жарысқа қатысу үшін компьютер болса жеткілікті. Екіншіден, Президенттің тапсырмасы бойынша биылдан бастап халықаралық 7 олимпиаданың жеңімпаздарына грант және ақшалай сыйлық түріндегі марапаттар беріледі. Бұл оқушыларымызды ынталандыратыны сөзсіз. Мысалы, биыл қазақстандық оқушылар бірден 27 медаль жеңіп алып, былтырғы рекордты жаңартты. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі ведомство ұсынбаған олимпиадаларға қатысу мәселесінде мұқият болуға шақырады. Ашықтықты, академиялық адалдықты және олимпиадалардың сапасын қамтамасыз етпей, ақылы жарыстар ұйымдастыратын кәсіпкерлер де бар. Ата-аналар мұндай олимпиадалардың басты міндеті - балалар арқылы ақша табу мүмкіндігі екенін түсінуі керек. Кейде мұндай күмәнді жарыстарды ұйымдастырушылар азаматтарды жаңылыстыру үшін министрліктің логотипін бекітеді. Тіпті кейбіреулері «Дарын» немесе басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдардың атауын өздерінің заңды тұлғаларының атауында пайдаланады. Осы себептен ата-аналар мен мұғалімдерге толық тізіммен танысуға кеңес береміз. Біз қазір мұғалімдерге арналған конкурстардың, әсіресе пәндер жетіспейтін және әріптестерімізден сұраныстар болған пәндер бойынша тізімді кеңейтіп жатырмыз, - деді Оқу-ағарту министргі Орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.

Министрлік бекіткен олимпиадалардың толық тізімімен мына жерден танысуға болады. 

Өзгелердің жаңалығы