Атырау энергетика және құрылыс колледжінде студент сабаққа 6 минут кешігіп келгені үшін 100 рет отжимание жасауға мәжбүрленді. Жасөспірімнің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақырылды. Мұғалімге тәртіптік жаза қолданылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік желі пайдаланушыларының мәліметінше, сабаққа 6 минутқа кешігіп келген студентке 100 рет серпіліс (отжимание) жасау ұсынылған. Оқушының анасының айтуынша, бұл оқиға 30 қаңтар күні орын алған.
Сабақтан кейін 16 жастағы жасөспірімнің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Медициналық қызметкерлер қысымның жоғарылағанын тіркеп, оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған. Қазіргі уақытта жасөспірім дәрігерлердің бақылауында.
Студенттің өз сөзіне қарағанда, осындай «жаза» әдістері бұған дейін де ағылшын тілінен сабақтарда басқа оқушыларға қолданылған.
Білім басқармасының мәліметінше, оқиға колледждің Этика жөніндегі кеңесінде қаралған. Мұғалімге тәртіптік жаза қолданылған.