Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің жасанды интеллект технологияларын білім беру ұйымдарында дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің жауабында аталғандай, еліміздің білім беру жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары басталып кеткен. Бұл бағыттағы шаралар 2024–2029 жылдарға арналған ЖИ дамыту тұжырымдамасына және білім мен ғылымды дамыту стратегиясына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі кезде Оқу-ағарту министрлігі білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің мақсаттарын, қағидаттары мен деңгейлерін айқындайтын ұлттық саясатты әзірлеп жатыр. Осы бағытта жаңартылған бастауыш және орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына жасанды интеллект элементтерін, құзыреттілікке негізделген тәсілді және STEM бағыттарын интеграциялау бойынша өзгерістер енгізді, - делінген ресми жауапта.
Бүгінгі күні әртүрлі цифрлық платформаларда (мысалы, AI Kitap, MyIDP, TopIQ.kz) жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып жаңа буындағы цифрлық оқулықтар әзірленіп жатыр. Бұл оқулықтар тапсырмаларды автогенерациялау, мазмұнды жекелендіру, ұғымдарды визуализациялау және оқушылардың жеке ерекшеліктеріне бейімдеу сияқты мүмкіндіктермен толықтырылады. Оның үстіне оқу материалдарының құрылымын, терминологиясын және форматын автоматты түрде сараптауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект алгоритмдері әзірленіп, енгізіліп жатыр.
Мұғалімдер арнайы оқудан өтті
2024 жылдан бері 160 мыңға жуық педагог жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде қолдану бойынша оқытудан өтті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш арта түспек.
Сонымен қатар 2025 жылдың қаңтарынан бастап 180 мектепте бағдарламалау негіздері бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл мектептердің 10–11-сынып оқушылары бағдарламалауды вариативтік компонент арқылы меңгереді.
2024 жылдың шілдесінен бастап nFactorial және Omnium IT-мектептерінде 180 педагог пен «Өрлеу» орталығының 120 жаттықтырушысы арнайы дайындықтан өтті.
Академиялық адалдық пен этикалық нормалар ескеріледі
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы оқушылардың білімін бағалау және академиялық адалдықты сақтау мақсатында ЖИ-дің ықтимал теріс әсерін болдырмауға бағытталған жаңа регламенттер мен әдістемелік ұсынымдар әзірлеп жатыр.
Сондай-ақ Жасанды интеллект институтын ашу жоспарланып отыр. Бұл құрылым ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізу бойынша әдістемелік, зерттеу, этикалық және оқу бағдарламаларын үйлестіреді.
ЖИ-ге арналған тегін онлайн курс іске қосылады
2025 жылдың тамыз айында оқушылар, мұғалімдер және ата-аналар үшін «Жасанды интеллектіні қауіпсіз және тиімді қолдану» тақырыбындағы тегін онлайн курс іске қосылады.
Жоғары оқу орындары үшін де жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп жатыр. Бірқатар шетелдік университетпен бірлескен жобалар қолға алынды.
Үкімет халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық құндылықтар негізінде білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын тиімді әрі қауіпсіз енгізуді кезең-кезеңімен жалғастырады, – делінген Премьер-министр жауабында.