Астанада өтіп жатқан тамыз конференциясында педагогтер білім беру жүйесінің өзекті мәселелерін талқылауға жиналды. Жиынға қатысып жатқан Астана қаласындағы мектептің информатика пәні мұғалімі Мақсат Төлегенов заманауи ұстаз жан-жақты болып, жаңа технологияларды меңгерумен қатар, оқушы тәрбиесіне де баса мән беруі қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұғалім, біріншіден, жан-жақты болуы керек. Жаңа технологияларды қолдана алуы және оны оқушыға үйрете білуі қажет. Сонымен қатар біліммен бірге тәрбиені де беруі керек. Себебі тәрбиесіз берілген білім – адамның қас жауы. Әрине, білім беру – барлық мұғалімнің міндеті. Алайда тәрбиені де ұмытпауы керек, – деді Мақсат Төлегенов.
Оның айтуынша, тамыз конференциясына білім беру жүйесіндегі нақты мәселелерді көтеру үшін келген. Педагог еліміздегі білім беру жүйесіне қатысты көңілі толмайтын тұстары бар екенін де жасырмады.
Тексеру жұмысына көңіл бөлу қажет деп санаймын. Мұғалімдерді дұрыс даярлау, олардың білімін тексеру маңызды. Өйткені қазір кейбір мұғалімдер бұл мамандыққа амалсыздан барады. Мұны, мысалы, өңірде жұмыс істеген кезімде байқадым. Семинарлар өткізілмейді, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары қалай болса, солай өткізіліп жатады. Сондықтан осы мәселені қолға алып, бақылау қажет, – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.
Тағы оқи отырыңыз: Роботтар оқушыға не үйрете алады? Робот мұғалімнің көмекшісіне айнала ма?