Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?

5 Қазан 2023, 13:12
9532
Бөлісу:
Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Ұстаздық жол - өте үлкен, дара жол. Бұл қызметте еңбек ету - әр адамның қолынан келе бермейді. Осындай жауапты істің жүгін арқалап жүрген тәжірибелі педагогтеріміздің бірі - Қарашаш Сәдібек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарашаш Сәдібек - Түркістан қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №22 жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Биыл педагогикалық қызметте жүргеніне 28 жылдай болды. Қарашаш Сәдібек қажырлы еңбегі үшін «Мәңгілік елдің мәртебелі ұстазы» орденімен, «Ең білімді педагог» төсбелгісімен және мақтау қағаздарымен марапатталған.

Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?

- Мұғалім мамандығына қалай келдіңіз? Еңбек өтіліңіз қанша? Қай пәннен сабақ бересіз?

Бала кезімде журналистика саласына барғым келетін. Тілші болғым келіп, осы мамандыққа оқығым келді. Бірақ біз кезімізде ата-ананың таңдауына құрметпен қарап, айтқандарын орындайтын едік. Осы салаға қызыққаным соншалық, бала кезімнен, 3-4-сыныптардан бастап «Балдырған» журналына, «Ұлан» газетіне, «Пионер» сияқты баспаларға шығармаларымды жариялайтынмын. Болған оқиғалардан шығарма құрастырып, ертегі де жазатынмын. Кейін жоғары сыныптарда оқып жүргенімде анам «қызым, журналистика саласы өте ауыр, мұғалімдік жол да жаман емес» деп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуыма бағыт-бағдар берді. Осылайша ата-анамның айтуымен өз таңдауымды оқымадым. Бірақ қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін де сүйіп оқыдым. Таңдаған бағытым да журналистикамен тығыз байланысты деп есептеймін.

Осылайша Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдым.

Университетте 1994-1999 жылдар аралығында оқыдым.

Ұстаздық еңбек жолымды туған жерім Балтакөл елді мекенінде білім алған Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектептен бастадым. Ол жерде 1996 жылдан бастап мұғалім болып еңбек ете бастадым. Осылайша алғашқы еңбек жолымды өзіме білім берген ұстаздарымнан үлгі ала жүріп, жетістікке жеттім. Ұстаздарым үнемі бағыт-бағдар берді, оларға қарап, тәжірибе жинақтадым. Ұстаздық жолда маған үйреткендері көп болды деп айта аламын. Осылайша, осы білім ордасында 12 қызмет атқардым.

2007 жылы Түркістан қаласына отбасылық жағдаймен көшіп келдім. Сөйтіп осы жылдан бастап қазіргі күнге дейін Б.Момышұлы атындағы №22 мектепте балаларға бар білгенімді үйретіп келемін.

Қазіргі таңда педагогикалық еңбек өтілім 28 жылға жуықтапты.

Мен үшін мұғалімдік – ол өте үлкен, дара жол. Бұл қызметте еңбек ету - әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Ұстаздық жолда қажырлы қайрат керек. Баламен жұмыс істеу өте қиын. Баламен бала болып, тіл табысу, әрқайсысының мінезін зерттеп, онымен жылы сөйлесіп, қызмет атқару оңай жол деп есептемеймін. Сол себепті мектепте мұғалім болып істеген әрбір адам шыдамды, төзімді, қажырлы, қайратты болуы керек.

Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?

- Жақсы мұғалім болуға қандай факторлар (ерекшеліктер) көмектеседі?

Жалпы бүгінгі қоғамдағы мұғалімнің ерекшеліктеріне тоқтала кетсем.

Қазіргі заман мұғалімі қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа сирек, өз ісіне гуманистік сезіммен қарайтын, педагогикалық күрделі үрдістердің барысын түсіне алатындай болуы керек.

Мәселелерді адамгершілік тұрғысынан шеше алатын, жаңаша ойлау дағдысын меңгерген, балалардың талапкерлілігі мен қабілетін өздігінен еркінен дамуын ұйымдастыра алатын және ата-аналармен педагогикалық ынтымақтастықты орнатуға бейімі бар әр шығармашылықпен еңбек ете алатын маман болуға тиіс.

- Мұғалімнің ата-ана мен оқушы алдындағы мәртебесі туралы не айта аласыз?

Мұғалімнің ата-анамен қарым-қатынасы – ол бірінші орында. Ата-ана мектеппен байланыста болуы керек. Баласын мектепке арқасынан қағып шығарып отыра беруге болмайды. Себебі ата-ана сынып жетекшімен байланыста болуы керек. Ата-ана баласының қай жерде, қандай сыныпта білім алып жатқанын, оның достары, ортасы қандай екенін, білім қалай беріліп жатыр – осының барлығын назар аудара білуі керек. Меніңше, қазіргі ата-аналар өте сауатты. Кез келген ата-ана өзінің баласы үшін жауапты. Сондықтан ата-ана-сынып жетекшісі-пән мұғалімі бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек деп есептеймін.

- Жұмысыңыздан шаршап, басқа салаға кетіп қалғыңыз келген сәт болды ма?

Маған ұстаздық жолды таңдағаннан кейін бұл жолдан кету өте қиын. Сол себепті таңдаған мамандығым бойынша болашақта зейнетке шығуды армандаймын. Сондай-ақ балаларыма да, немелеріме де осы мамандықты таңдауды ұсынамын. Себебі мұғалім балалармен жұмыс істейды. Ия, алдыңа келген барлық баланың мінез-құлқын танып білу қиын. Әйткенмен де ұзақ жылдан кейін мұғалім бір жағынан психологқа да айналады екен. Алдымызға келген әр баламен өзінің ерекшелігіне қарай сөйлесеміз. Мысалы, тұйық баланы ашу үшін олармен бірдей сөйлесеміз. Кейде ойын ашық айта алмайтын балалармен оңаша сөйлесіп, деңгейін анықтаймыз.

Әрбір сабағымызда жаңартылған білім бағдарламасы бойынша түрлі әдіс-тәсілдермен жұмыс істейміз. Мысалы, қазіргі батырлар мен қазіргі батырларды салыстырамыз.

Мұғалім мамандығын қалай таңдадыңыз?

- Өзіңіздің алғашқы ұстаздарыңыз есіңізде ме?

1-сыныпты Түркістан қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепте оқыдым. Алғашқы ұстазым Күләш апай болды. Ұстазымның алғаш рет әліппені танытқаны, математикадан есептерді үйреткені әлі есімде. Оның жүріс-тұрысы мұғалімнің қасиеттеріне сай болатын. Шашын түйіп жүретін. Осы бейнесі әлі көз алдымда. Алғашқы ұстазымды ұмытқан жоқпын. Әрдайым есімде ұстаймын.

Осы кісілердің берген білімі арқасында мектепке, білім алуға деген қызығушылығымыз арта түсті. Біз үшін ол кезде білім алу өте қызықты болатын. Не нәрсе болса да, үйренгіміз келіп тұратын еді. Қазіргі таңда оқушыларды білімге қызықтыру өте қиын. Өйткені қызықтың барлығын қолдарындағы интернетке қосылған смартфондарынан іздейді.

- Оқушыларыңыз туралы не айта аласыз?

Қазіргі таңда оқушыларды кітап оқуға бейімдеуге, олардың сабаққа қызығушылықтарын арттыру үшін көп әдіс-тәсілді қолданамыз. Баланың пәнге қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі тақырыптармен жұмыс істейміз.

Қазір мектепте жаһандық құзыреттілік сабағын да қосымша беремін. Сабақта балалармен ашық сөйлесіп, ойларын еркін айтуға үйретемін. Пікірталас ұйымдастырып, сабақты қызықты өткізіп келеміз.

Мектепте дебат қозғалысы да бар. Дебаттық ойынға 9-11 сынып балалары қатысады. Қазір 7-8 сыныптардың оқушыларын да тартып жатырмыз. Бұл жерде бала өзінің ойын ашық жеткізеді. Қоғамда болып жатқан жайттар мен проблемалар аясында тақырыптар ортаға қойылады. Мысалы, «Интернет бізге керек пе?», «Мектепте электронды оқулық болғаны дұрыс па?» және т.б.

Болашақ мамандық жайлы да әңгімелесіп, пікірсайыстар өткіземіз.

- Мұғалім мамандығындағы ең қиыны не деп ойлайсыз?

Ұстаз – ол балаға білім нәрін себетін, ақылын айтып, ілім үйрететін асыл жан. Ұстаздан аларымыз, үйренеріміз көп. Ұстаздың сөзін ұғыну – біздің міндетіміз. Абай атамыз айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздың еңбегін бағалай білуіміз қажет.

- Мерекеге орай, әріптестеріңізге айтар ізгі тілегіңіз...

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім - тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт - бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Өзгелердің жаңалығы