Мұғалім мамандығы қай кезде де құрметті және мәртебелі – Сапарбаев

3 Қазан 2021, 15:47
3169
Бөлісу:
Мұғалім мамандығы қай кезде де құрметті және мәртебелі – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елімізде мұғалімдер кәсіби мерекелерін атап өтіп жатыр. Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев ұлағатты ұстаздарды мерекемен құттықтады.

Құрметті ұстаздар! Қадірлі білім саласының қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Адам баласы әрдайым жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру - ең ұлы мұрат. Бұл орайда, білімнің бағдары, ұрпақтың бағбаны ол ең алдымен – мұғалім. Сондықтан бұл мамандық – қай кезде де құрметті және мәртебелі, - деді ол.
Облыс әкімі ел ертеңі – бүгінгі ұрпақты тәрбиелеудегі ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде жамбылдық оқушылар түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келе жатқанын айтты. ҰБТ қорытындысы бойынша да түлектер жақсы нәтиже көрсетіп, орташа балл 82%-ды құрады.

2020-2021 оқу жылында 5 125 мұғалім республикалық, халықаралық конкурстардың жеңімпаздары атанса, облыс оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 241 медальға ие болды. Сондай-ақ биыл 3 мұғалім «Үздік педагог» республикалық конкурсында, 7 мұғалім осы конкурстың облыстық деңгейдегі жеңімпаздары атанған.

Жамбылдық мұғалімдер облыстың қоғамдық өміріне де белсене атсалысуда. Мемлекет қандай жағдайда да білім саласын қолдаудан танған емес. Соңғы екі жылда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне қомақты қаржы бөлінді. Биылдың өзінде облысымызда 21 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Біз апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелерін толық шешуді мақсат етіп отырмыз, - деді Сапарбаев.
Ол мұғалімдерді мерекемен құттықтап, кәсіби салада жаңа белестерді бағындыра берулерін тіледі.
Өзгелердің жаңалығы