Мұғалім болып істеген адамға үйде отыру қиын - 77 жастағы ардагер ұстаз

22 Тамыз 2024, 16:20
9143
Бөлісу:
Мұғалім болып істеген адамға үйде отыру қиын - 77 жастағы ардагер ұстаз
Фото: автордан

Білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру үшін Абайдың мұрасына көңіл бөлуіміз керек. Түбіміз бір, тамырымыз терең қазақ боламыз десек, өткенімізді ұмытпауымыз қажет. Өткенсіз келешек жоқ. Мұндай пікірді кейіпкеріміз, зейнет жасындағы ардагер ұстаз Гүлжиян Назарқұлова айтты.

Гүлжиян апа 1947 жылы күздің уақытында, 3 қазан күні туған. Сол жылдары Мұғалімдер күні де қазанның алғашқы жексенбісінде тойланып, апамыздың туған күні осы мерекеге тұспа-тұс келетін.

BAQ.KZ тілшісі 77 жасты алқымдаған Гүлжиян апамен пойызда сапарлас болып, әңгімеге тартты.

- Гүлжиян Сұлтанқызы, алдымен өзіңіз жайлы айтып берсеңіз...

- 1947 жылы күзде Көкшетауда тудым.

Өзім жасымнан ерте оқыған бала болдым. Әкемнің еркесі болып, «мектепке барам, барам» дей берген соң жібере салған ғой. Сөйтіп 6 жасқа толмай мектепке барғанмын. Содан қалып қойса, келесі жылы қайта береміз деп ойлаған ғой. Бірақ мен қалмай, ілініп-салынып, мектепті бітіргенімде 16 жасқа да келмеген едім.

- Апа, Көкшетаудың тумасымын дедіңіз. Алматыға қалай келдіңіз?

- Иә, Көкшетауда Ш.Уәлиханов атындағы институтты Орыс тілі және әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша бітіргенмін. Кейін Алматыға магистратураға түсем деп, бір жігіттің қолына «магистратураға» түстім. Енді тағдыр ғой. Әйтпесе сол Көкшетауда жүрсем де, қазақтың бір домалақ баласы табылар еді. Маңдайға жазған бұйрық осы болған екен.

- Алғашқы еңбек жолыңызды Көкшетаудан бастадыңыз ба?

- Иә, мені бірден 1975 жылдары Чистопол деген ауылға жіберді. Ол жерде орыстар тұратын. Степное деген ауылға да бардым. Бірде-бір қазақ отбасы болмады. Менімен бірге ауылға шешем келген еді. Кейін үйге қайтқан соң, өзім жалғыз қалдым. Орыстың балаларын оқыттым. Жаман емес. Барлығы жақсы оқыды. Әлі күнге дейін сол балалардың аты-жөні есімде. Осы алғашқы жылдары сабақ берген балаларымның арасында немістің балалары да болды. Шеленберг Катя, Элмиш Володя, Алтухова Галя – ең бірінші оқушыларым. Осындай оқушыларға сабақ беріп, еңбек жолымды бастағанмын.

Кейін оқу жылын аяқтап, қайтадан өз ауылыма келдім. Ауылыма жақын жерде орналасқан тағы бір ауылда жұмыс істедім. Онда да жаман болмады, еңбегіміз ақталды.

Алматыға келген соң да мектептерде жұмыс істедім. Мұнда көбіне қазақтың балаларын оқыттым.

- Мектепте неше жасыңызға дейін жұмыс істедіңіз? Қай жылы жұмыстан зейнеттік демалысқа кеттіңіз?

- Жұмысты қойғаныма да көп уақыт болған жоқ. Шамамен 70 жасыма дейін, қателеспесем 2017 жылға дейін сабақ бердім.

Ол да өте жақсы кездер еді. Қайда жүрсең де, өзіңмен бірге жүрген жақсы адамдар, жақсы уақыттар естен кетпейді ғой... Мен жұмыс істеген кезімде де жаман болған жоқпын. Оқу-ағарту ісінің меңгерушісі де болдым, мектепте директор болып та істедім. Жоғары категориям болды. Бірге қызметтес болған әріптестерім де өте жақсы еді.

Қазір Алматыда тұрамын. Жиен немерелерім бар. Қазір осы кішкентайларды оқытамын. Олар да сондай зерек. Кішкентайымыз әлі мектепке бармайды, бірақ қазірдің өзінде кітап оқиды, ертегі оқиды.

- Мектепте жұмыс істеген жылдарыңызда қанша баланы оқытып шығардыңыз? Санадыңыз ба?

- Ойбу-у, санаған да жоқпын, саны да жоқ. Әуел баста орыс сыныптарында жұмыс істедім. Орыстардың өзіне орыс тілін оқыттық қой. Бірақ орыс сыныптарында істеген өте қиын болды. Балаларында тәрбие жоқ, ауыздарында қақпақ жоқ. Кейін маған қазақ сыныбын берді. Аралары жер мен көктей ғой деп ойладым. Қазақ сыныптары айтқаныңнан шықпайды, отыр десең отырады, тұр десең тұрады, жаз десең жазады. Бірақ көп жыл орыс сыныбында істедім.

Ата-аналары қиын балалармен де жұмыс істеп көрдік. Баласына қарай бермейтін. Олардың үйлеріне барып, баласын мектепке сүйрелеп, әйтеуір тырысып жұмыс істедік. Енді мұғалімнің жұмысы сол ғой. Егер олай жақсылап тырыспасаң, онда ісің өнбейді. Ақыры осы мамандықты бітіргеннен кейін адалынан істейін деп, адал жұмыс істедік. Қиындығына төздік. Қиындықсыз іс болмайды ғой...

Кейін қазақ сыныбына ауыстырғанда қазақ сыныбы ұнай бастады.

Әйтеуір жақсылықпен жұмысымызды атқардық. Енді мінекей зейнеткерліктің де пайдасын көріп отырмыз. Адамның өмір жолын айтып бітіру оңай ма?! Қазаққа да, орысқа да сыйлы болдық. Енді міне зейнетке шықтық. Істеген ісімізге ел риза болса, біз де ризамыз.

Мұғалім болып істеген адамға үйде отыру қиын - 77 жастағы ардагер ұстаз

- ХХІ ғасырдың балаларына сабақ бердіңіз ғой...

- ХХІ ғасырдың балалары өте жылпос, өте епті. Тіпті қазақтар енді бас көтеріп, аяққа тұрып келе жатқанда да сабақ бердім. Қазір балалар өте ақылды ғой, тіпті мұғалімдерден де ақылды.

- Қазір кейбір мектептерде 70 жасқа таяған мұғалімдер де істеп жатыр...

- 70 жас деген маған қарағанда әлдеқайда жас қой. Мен жетпістің жетеуінде тұрмын. Қайта жұмыс істеп жүргені жақсы екен. Әйтпесе мектептің жұмысы ауыр ғой. Мұғалім болып істеген адамға үйде отыру қиын. Үйде немерелерім болғаннан кейін маған біліне қоймайды. Оларды үйретіп, оқытып жүрмін. Бір кемшін тұсы – қазақшалары нашар. Бірақ барынша жетік меңгеруге тырысып жүр.

Интернеттен қызығып көретін контенттің көбі орысша, мультфильмдер де орысша. Ал қазақша мультфильм қойса, оны ұқпайды. Тілі қиын. Оны түсінбегеннен кейін қарағысы келмейді. «Алдар көсе», «Сараң бай» туралы көрсетілетін мультфильмдерді түсінбейді.

- Елімізде мұғалімнің жұмысы қалай бағаланады?

- Шынын айту керек, көбіне мұғалімдердің еңбегі ақтала бермейді. Жұлқынып, еңбек етіп жатқан мұғалімдер болмаса... Қазақтың бойында жалқаулық деген бар. Оның үстіне әйел адамдардың үйінде жұмысы көп, бала-шағасы бар. Осындай себептерден кейде жұмысына салғырттық танытып жатады.

- Ең алғаш мұғалім болып кіргеніңізде айлық аз болған шығар... 2019 жылы елімізде жаңа заң шығып, мұғалімдердің жалақысы көтерілген еді. Есептеп қарасам, сіз көбейтілген жалақыны алып үлгермеген сияқтысыз?

- Иә, аз болды. Ол кезде 60 рубльден бастадық. Кейін 90 рубльге көтерілді. Ол да көп ақша емес еді. Әйтеуір қажетімізге жаратуға жететін.

Елімізде қабылданған жаңа заңмен жалақы алып үлгермедім. Менен кейінгі қыздар алды. Менің соңғы айлығым 120 мың теңгеге жетті ме екен өзі...

Қазір мұғалімдердің жалақысы жаман емес деп ойлаймын.

- Елімізде білім саласында реформалар жиі жүргізілетіні жасырын емес. Өзгерістерге қатысты қандай ойыңыз бар?

- 6 жасарларды оқытамыз деп бір өзгертті. Одан кейін оқулықтар өзгерді. Әліппені алып тастады. Ол көпшілікке ұнамады. Кейін қайтадан өзіміздің Әліппені алып келді.

Білім мен ғылымда қателіктер жоқ емес. Адам болғаннан кейін бәрі болады. Аймағамбетовтің министр болған кезі ұнады. Жақсы реформаларға бетбұрыс жасап, жұмыс істеді. Мұғалімнің мәртебесіне көп көңіл бөлінді.

Қазір жақсы кезеңдер өтіп жатыр деп есептеймін. Бастысы заманымыз тыныш. Уақыт өз еншісін алатыны болмаса, бәрі дұрыс. Еңбегін адал істеген адамға, жақсы уақыт. Біз қызығатындай уақыт.

Біз мектепте жұмыс істеп жергенде Мұқағали Мақатаевтың ауылына бардық. Сол жерден «Халықтық педагогиканы» ауданымызға, мектебімізге әкелдік. Содан «Халықтық педагогика» деген тарады.

Халықтық педагогика – ол өзіміздің тұрмыс-салтымыз бойынша не керек, не істеу керек, қыздармен қалай жұмыс істеу керек, ұлдармен қалай жұмыс істеу керек, соның бәрін саралап, бағыттап берген жұмыс. Біз осы жобаны мектептерге енгіздік. Онымен көп уақыт жұмыс істедік.

- Сіздің ойыңызша, бір сыныпта неше бала болуы керек?

- Бір сыныпта 20 шақты бала болғаны дұрыс. 10-15 бала өте аз. Егер сыныпта 10-15 бала болса, онда мұғалім әрқайсысын «Алтын белгі» иегері етіп шығаруы керек болады. 20 баланың арасында әртүрлі деңгейдегі бала кездеседі. Бірінің жаратылыстану, ал енді бірінің математикаға қабілеті жақсы болады.

Жалпы өмірге ең қажетісі - білім ғой. Бәрі содан басталады. Өмір шырағы деген сол. Сондықтан ғылым мен білімге көп көңіл бөлу керек.

- Мұғалім баланы оқуға қалай қызықтырғаны дұрыс?

- Мұғалім әртүрлі тәсілдермен жұмыс істеуі керек. Мысалы, бір баланың көзіне көрсетіп, түсіндіріп, ал енді біреуінің қасына барып, кемшілігін саралауы керек. Сондай-ақ мұғалім ата-анамен де тығыз байланыс орната білгені дұрыс. Бала өзімен-өзі қалмауы қажет. Бала үнемі мұғалім мен ата-ананың назарында болуы керек.

Мұғалім болып істеген адамға үйде отыру қиын - 77 жастағы ардагер ұстаз

- «Мұғалім-ата-ана-бала» үштігі қалай бірлесіп жұмыс істеуі керек? Тәртіпті, білімді баланы қалай шығарамыз?

- Біздің әрқайсымыздың көкейімізде бір нәрсе бар – ол баланы жақсы адам етіп тәрбиелеу. Қай ата-ана баласын жаман болсын дейді?! Кейбір үйде әлеуметтік жағдай нашар болады. Сол кезде бала үйін ойлап, білімі төмен болып қалуы мүмкін. Сондай жағдайларда мұғалім балаға қолдау көрсетіп, оны көзден таса қалдырмауы керек. Үйде әке-шешеден, мектепте мұғалімнен көмек ала алмаған бала қиындыққа ұшырайды. Сол қиындықты жоюымыз керек. Сол үшін жұмыс істеу қажет.

Білімсіз берілген тәрбие – тәрбие емес. Білімді тәрбиесіз беруге болмайды. Білім мен тәрбие бір ағаштың тамыры іспеттес. Екеуін екі бөлек қарасақ, онда тәрбие де, білім де болмайды. Тәрбие жоқ жерде, білім де жоқ. Өйткені талпынған, оқығысы келіп тұрған балалар жоғары санаттағы адам болып шығады.

Адам болудың өзі де қиын ғой. Абай атамыздың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп айтқаны бар емес пе... Сол бес нәрсеге асықты үйрету керек. Абайдың тілі, Абайдың мұрасы еш уақытта өлмейді. Оны әуелі біз емес, шетелдіктердің өзі айтып жүр. Абайдың мұрасына бас ұрып, тәрбиесіне көңіл бөліп жатыр. Сол себепті түбіміз бір, тамырымыз терең қазақ боламыз десек, өткенімізді ұмытпауымыз керек. Өткенсіз келешек жоқ. Әсіресе Бауыржан Момышұлы атамыздың, Зейнеп апамыздың айтқан ақылдарын мысалға келтіріп, балаларға айтып отырсақ, тәрбиемен сусындатып жатқанымызды білдіреді.

Балаларға жақсыны үйрету керек. Абай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді. Балаға осыны үйрету керек. Балаға бағыт беріп, жол көрсетіп отыру қажет. Жақсыны жақсы, жаманды жаман деп көрсете білу керек.

Қазіргі балалар өте ақылды. Біз бала кезімізде өте аңғал едік. Қазір заманына қарай өте ақылды. Осындай ақылды балаларға да мықты ұстаз керек. Жақсыны нағыз ұстаздың ұстазы ғана үйрете алады.

- Ал мұғалімдер заман ағымынан қалып қалмас үшін қалай өзін дамытуы керек?

- Білімін тереңдетіп отырғаны абзал. Бір қалыпта жүре беруге болмайды. Өйткені заман өзгеріп жатыр. Адам өзгеріп жатыр. Соған қарай мұғалім де өзгеруі қажет. Заманнан қалып қалмауы керек. Ол әр уақытта өзінің ісін жетілдіріп отырғаны жөн. Ертеңге де өзгеріс енгізіп отырғаны жақсы. Бұл - заман талабы. Заман талабына ілесіп отырған дұрыс.

- Мұғалімдер аттестациядан өтетінін білесіз. Жобаға теріс пікір білдіріп жататындар да бар. Сіздің ойыңыз қалай? Аттестация керек пе?

- Аттестациядан өтіп тұру керек. Ол мұғалімдерге жұмысына басқа көзбен қарауға көмектеседі. Егер мұғалім бір қалыпта жүре берсе, ол өспейді. Сол себепті ізденіс керек. Біз қанша өмір сүрсек, сонша ізденісте жүруіміз керек. Ізденіс – әрқашан керек. Бәлкім басқа жұмыста да керек болар. Бірақ мұғалім кәсібінде үнемі ізденіс үстінде боласың. Ізденіс болмаған жерде жұмыс жүрдім-бардыммен өте береді. Оған жол бермеу керек.

- Гүлжиян Сұлтанқызы, әңгіме барысында тәжірибеңізді бөлістіңіз. Енді жас мұғалімдерге қандай кеңес бересіз?

- Тынбай жұмыс істеп, іздену керек. Талпыныс үстінде болғаны дұрыс. Жаңалық іздеу керек. Бір кездері бізде әдістемелік журналдар да көп болмады. Қазір мұғалімдердің жағдайы біздің кезімізге қарағанда анағұрлым жақсы. Талпынған жетер мұратқа. Бірізділік болмайды. Қазір мүмкіндік жоғары.

Оқушыны сабаққа қызықтыра білу қажет. Біз кестелерді түнімен қолмен жазатынбыз. Қазір барлығы дайын. Қазір заман жақсы.

Мұғалімдерге артылар жүк ауыр. Адам тәрбиелеу ол оңай жұмыс емес. Қиынның қиыны. Ал енді ақыры сол жүкті арқалаған соң, оны абыроймен атқарып шығу керек.

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Балаға білім беруден жалықпайық.

Өзгелердің жаңалығы