Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз

15 Желтоқсан 2021, 11:52
5690
Бөлісу:
Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан 30 жыл бұрын еліміз өзінің егемендігін жариялап, Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осынау мерзім ішінде еліміз түрлі қиындықты бастан өткеріп, «аяғына» нық тұра білді. Қазақстан 30 жылда әлем мойындаған жас мемлекетке айналды. 

Осындай жас мемлекетпен бірге азаттықтың ақ таңында дүниеге келген, балалық шағын ашық аспан астында өткізген Тәуелсіздік құрдастары да өсіп келеді. Олар да биыл елімізбен бірге орда бұзар 30 жасқа келді. Олардың бірі – жас ұстаз Азамат Жаркеев.

Азамат бұрынғы Торғай облысы, Қима ауданы, Алғабас ауылында 1991 жылы 17 желтоқсанда дүниеге келген. Отбасында үш балалы – әпкесі мен қарындасы бар. Қазіргі күні Тәуелсіздік құрдасы Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойынша білім бөлімі Щучинск қаласының №7 мектеп-лицейінде ұстаздық жолында тынбай еңбек етіп келеді.

 Азамат Жаркеев 1998 жылы Алғабас орта мектебінің табалдырығын алғаш рет аттайды. Кейін 2007 жылы 9-сыныпты аяқтап, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне оқуға түседі. Азамат осы жылы колледжде алғаш рет ашылған информатика пәні мұғалімі мамандығында білім алуын бастады. Төрт жылдық оқудан кейін 2011 жылы ұстаздық жолы басталды.

 Бүгінгі күні Азамат Жаркеев директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін адал атқарып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында егеменді еліміздің құрдасымен әңгімелестік.

 - Азамат, әңгімені ең алдымен өзіңнен бастасақ? Ұстаздық жолға қалай келдің? 

- Білім саласына келуіме себепші болған – әкем. Әкем «мұғалім бол, өскелең, жас ұрпаққа білім бер» деп колледжге ертіп апарып, осы мамандыққа түсуіме жол сілтеді. Алғашқыда қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі факультетіне түсіргісі келген еді. Бірақ мен информатика пәнін таңдадым. 

Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз

- Балалармен жұмыс істеу қиын емес пе? Осы жұмыс есіңе түскенде көз алдыңа алдымен не елестейді?

 - Балалармен жұмыс істеу қиын емес. Олармен жұмыс істеген ұнайды. Балалар әр түрлі болса да, олардың тілін, ебін табуға болады. Оқушылармен жұмыс істей келе, ерекшеліктерін, көзқарастарын байқауға болады. Көбінесе қазақтың балаларымен жұмыс істеймін. Жалпы балалармен жұмыс істеу мен үшін өте қызық. Олармен білім, болашақ армандары жайында әңгімелесеміз. 

 Мұғалім кәсібі – жағымды эмоциялар әкелетін, өзіне деген сенімділік пен болашаққа деген сенімділік сезімін беретін жұмыс. Әдетте, ұстаздар өз мамандығы туралы айтқанда, әрқашан балаларға деген сүйіспеншілігін айтады. Бұл дәстүрдің бір түріне айналды. Оқушыларға деген сүйіспеншілік туа біткен сезім емес. Ол «бір көргеннен» пайда бола салмайды. Балаларға деген сүйіспеншілік көп жылғы еңбекпен келеді. Мамандықтың өзі де солай деп ойлаймын.

 Ұстаз болу оңай деп те, қиын деп те айтуға келмейді. Себебі жұмысым есіме түскенде алдымен көз алдыма жоғары сыныптың балалары келеді. Мектепте түрлі іс-шараға қатысып, өзіңмен дос болып, есте мәңгі қалатын түлектер де бар. Көбіне жоғары сыныптың балалары мұғалімнің жұмысын, оның қиындығын түсініп тұрады. Осындай өзіңмен дос сияқты болып кеткен балалармен жұмыс істеген кезде мұғалімнің жұмысы жеңілдейтіні белгілі.

 Мамандық таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қайтадан мамандық таңдау керек болса, мен тек мұғалім болар едім. Ұстаздық жолға түскісі келетін шәкірттерім де бар, оны мақтанышпен айтамын.

 - Мектепте өзің қандай пәндерді сүйіп оқыдың? Не себепті информатика пәнін таңдадың?

 - Маған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыдым. Пән мұғалімі Зәуреш Асқарқызының қалай сабақ бергені, оқу әдістемесі қатты ұнайтын.

 Информатиканы таңдағын себебім - мен программист болғым келді. Осы пәнге деген қызығушылығым жоғары болатын. Содан болар осы салаға келуге бет бұрдым.

Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз

- Сені оқытқан ұстаздарың жөнінде айта отыр. Мұғалімдерің кім болды? Олар қандай тәлім-тәрбие берді? 

- Мен де оқушы болдым. Үлгі тұтартық ұстаздарым көп болды. Оларды атап айтсам, Зәуреш Асқарқызы, Бибі Асылбайқызы, Баян Сейтжанқызы, Қарлығаш Қайымқызы сияқты ұстаздарымнан тәлім-тәрбие алдым. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» дейді емес пе?! Осы ұстаздарымның берген білімі мен тәрбиесі қазір өзімізге көмектесіп жатыр. Олар осы білім саласының ең мықты мамандары десем артық айтпағаным болар. Себебі әлі күнге дейін ұстаздарыммен хабарласып, ақыл-кеңестерін алып тұрамын. Олар ұстаздық мансабымның шыңдалуына көп септіктерін тигізді.

- Алғашқы ұстаздық жылдарың қиын болды ма? Бұрынғы оқушылар мен қазіргі оқушылардың айырмашылығы бар ма?

- Алғашқы ұстаздық жылдарым мен үшін қиын болды. Басқа мамандыққа кету туралы да ойлаған кездерім болды. Кейін уақыт өте келе мектепке бейімделіп, оқушылармен тіл табысып кеттім. Біздің оқыған кезіміздегі оқушылар мен қазіргі заманның оқушыларының аса қатты айырмашылығы жоқ. Бұрынғыдай оқимын деген бала оқиды, оқығысы келмейтін бала оқымайды. Десе де балалардың білімін арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, олардың білім алуға қызығушылығын арттыру мақсатында жұмыс істеп келеміз. Заман талабына сай ұстаз да, бала да өзгеруі керек. Себебі әр кезеңнің өзгешелігі болатыны хақ.

Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз

- Өзің қандай оқушы болдың? Және өз оқушыларыңнан нені талап етесің? 

- Мектепте оқып жүргенімде тәртіпті оқушы болдым деп айта аламын. Спортқа да бейім болдым. Одан бөлек, сабақты да 4 пен 5-ке оқыдым. Оқушыларымнан қазақилықты, тәртіпті, шыншылдықты, отансүйгіштікті талап етемін. 

- Жалпы ұстаз деген кім? ХХІ ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек? 

- Мұғалім – ең алдымен бізге білім беретін адам. Ол тек мектептегі не университеттегі адам емес, біздің ата-анамыз да ұстаз. Олар бізге туғаннан білім береді: жүруді, оқуды, санауды және жазуды, қоғамда өзімізді ұстауды үйретеді. Десе де өмірге алғашқы үлкен қадамды бастауыш мектепте жасаймыз, оған біздің бірінші ұстазымыз көмектеседі. Міне, оқушы үшін ұстаз деген тұлға осы кезден қалыптастады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп айтқандай, ұстаз – ол өмір бақи есте қалатын тұлға. Ол – өз пәнін оқытып қана қоймай, сонымен бірге тәрбие, мінезімен балаға үлгі бола білетін адам. Яғни ол тек пән мұғалімі болып қана қоймай, үлгі боларлықтай ұстаз болуы керек. ХХІ ғасырдың мұғалімі шығармашыл, жаңашыл, жан-жақты, заман табалына сай болуы қажет. Яғни жаңа ақпараттық технологиялармен бірге ұстаз да дамып отыруы тиіс.

- Қазіргі заманғы оқушыларды қалай тәрбиелеу керек? Білімді де, тәрбиелі ұрпақты өсіру үшін мектеп әкімшілігі қандай жұмыстарды атқарып жатыр? 

- Білімді, тәрбиелі ұрпақты тәрбиелеу үшін мектебіміз «Құндылыққа негізделген мектеп» бағыты бойынша жұмыс істейді. Яғни ай сайын «ынтымақтастық, «құрмет», «жауапкершілік», «адалдық», «еңбекқорлық», «кемелдену», «этика», «табандылық», «отансүйгіштік» сияқты әр түрлі бағытта жұмыстар жүргізіледі. Бұл баланың бойындағы әдетті, мінез-құлықты, қазақтың салт-дәстүрін сақтауға тәрбиелейді. 

Сондай-ақ оқушылардың білімін арттыру мақсатында олимпиадалар, спорттық іс-шаралар, конкурстар, одан бөлек, факультативті жұмыстар жүргізіліп келеді. 

Мұғалім болуыма әкем себепші болды – жас ұстаз

- Тәуелсіздік алғаннан кейін 17 желтоқсанда дүние есігін аштың. Тәуелсіздіктің сен үшін мән-мағынасы қандай? Тәуелсіздік құрдасы болған қалай? Осы күні өмірге келгеніңді мақтан тұтасың ба? Мұның сенің мінезіңе, қалыптасуыңа әсері бар ма? 

- Ия, Тәуелсіз елде туып-өскеніме қуанамын. Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Өз тіліңде сөйлеп, өз дініңді сақтау, ұмытпау – бұл бақыт. Еліміз 30 жыл ішінде аяғын нық басып, дамып келеді. Тәуелсіздік қарсаңында дүниеге келу менің мінез-құлқымның қалыптасуына да септігін тигізді. Мен егеменді қазақтың жерінде өз таңдауымды еркін жасауға мүмкіндігім бар. Сол үшін егеменді ел болып қалыптасуымыз үшін күрескен ата-бабаларымызға алғысым шексіз. 

- Бүгінгі жастардың өмірге деген көзқарасы, ел мен жерге деген сезімі, ынта-ықыласы жайлы не айтар едің? 

- Бүгінгі жастардың өмірге көзқарасы әрине, әркімде әр түрлі. Елге, жерге деген жанашырлығы, алға қойған мақсаты тал бесіктен қалай тәрбие алғанына байланысты болады. Сол себепті елім дейтін патриотты ұл-қыздарды өсіру үшін отбасынан тәрбиелеу керек. 

- Тәуелсіздікті тұғырлы ету үшін не істеуіміз керек? 

- Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету үшін тілімізге көңіл бөлуіміз қажет. Тіл бар жерде ел бар, жер бар. Қазақпен қазақ өз тілінде сөйлеуі керек. Көбіне қазақтардың бір-бірімен орысша сөйлесуі көңіліме тиеді. Сол себепті егемендігімізді мерейлі ету үшін әр адам өзінен бастауы қажет. Тіліне, дініне көңіл бөлуі қажет.

- Отандастарыңа айтар жылы лебізің... 

- Отандастарымды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болып, арайлап атқан әр таңымыз шаттық пен қуанышқа толы болсын. Әр отбасыға береке, бірлік тілеймін. Еліміз дамып, 30 елдің қатарына енуіне тілектеспін. Мұқтаж жандар болмасын, жетімдер жыламасын! Қазақстанымыз көркейе берсін! 

- Азамат, әңгімеңе рахмет! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын

Өзгелердің жаңалығы