Мұғалім әр баланың дарынын аша білуі керек – ұстаз Қайсар Тұрсынқожа

16 Қараша 2021, 15:33
1975
Бөлісу:
Мұғалім әр баланың дарынын аша білуі керек – ұстаз Қайсар Тұрсынқожа

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында «Team Kazakstan» жастар қозғалысының белсендісі, білім мәселелері жөніндегі сарапшы Қайсар Тұрсынқожа білім саласына ерекше назар аударылып отырғанын айтты.

Мен Тәуелсіздік құрдасымын. Ұстазбын. Қоғам мүшесі, ата-ана ретінде көтергім келіп отырған мәселе – барлық адамның басында бар проблема. Мақсат – көпшіліктің талабы мен сауалын таразылап, мәселенің шешімін табуға атсалысу, - деді ол.

Қайсар Тұрсынқожа дамыған 30 елдің қатарына ену үшін адами капиталды нығайтып, дамыту маңызды екенін атап өтті.

Баланың дүниеге келуінен бастайық. Жаңа туған сәбиге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Табысы төмен және көпбалалы отбасыларға балабақшамен қоса, дайын «Baby box», керек-жарақ, сапалы тағам, дәрумендер беріліп отырса, бюджет ақшасының мақсатқа сай жұмсалуын қадағалай аламыз. Сондай-ақ баланың ерте кездегі дамуына көңіл бөлу маңызды. Шамамен әрбір оныншы балада оқу, сөйлеу және жазу дағдыларын меңгеруде қиындықтар болады. Ұлыбританияда жастан бастап дислексияға тексеріс өткізіледі, - деп айтты жас ұстаз.

Оның сөзінше, біздің елімізде де баланы дислексияға тексерістен өткізу заң жүзінде міндеттеліп және әр мектепте осы сала маманы болса, балалар оқуда және болашақта өз орнын табуға оң әсерін тигізеді.

Мұғалім әр баланың дарынын аша білуі керек – ұстаз Қайсар Тұрсынқожа

Бала өсіп, ойыннан білімге көшеді. Мектеп мәселелері басталады. Президент мырза, сіз білім және ғылым саласына баса назар аударасыз. Министрлік тарапынан да көптеген оңтайлы реформа жүріп жатыр. Әлі де кешенді шешімдер қажет. Бұл ретте ұстаздардың рөлі мен жауапкершілігі ерекше. Ұстаз әр баланың дарынын аша білуі керек. Әлемде білім беру үрдісі нақты дағдыларды үйретуге ығысып барады. Яғни балаларға өз бетінше оқып-үйренуді, ақпаратты өңдеуді, іздеуді, интеллект карталарды құруды, жоспар қоя білуді, мақсатқа жетуді үйрету өте маңызды, - деді Қайсар Тұрсынқожа Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысында.

Ол білім ең маңызды әлеуметтік лифт екенін айтып өтті. Сол себепті балаларға білім алуды үйрету керек.

Өзгелердің жаңалығы