Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына» 2019 жылдың 1-30 қыркүйек аралығында 9,3 млрд теңге түсті.
Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 30 қыркүйегі аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 214,4 млрд теңгені құрады.
Оның 205,5 млрд теңгесі (шамамен 95,9%) жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,9 млрд теңге (4,1% жуығы) – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
«Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Болашақта МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген» - делінген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жұртшылықпен байланыс департаменті таратқан ақпаратта.