Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 2020 жылдың қыркүйек айында медициналық сақтандыру үшін 2,5 млрд теңгеге жуық жарна аударылған.
Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.
Олардың қомақты бөлігі – 1,5 млрд теңге жұмыс берушілердің аударымдары, ал 955 млн теңгеден астамы – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар.
Сондай-ақ, 2020 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша, МӘМС үшін бірыңғай жиынтық төлем негізінде түскен жарна 27,3 млн теңгені құрайды. Бірыңғай жиынтық төлем жасау – әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға құқық береді.
Елордалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 30 қыркүйегі аралығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін аударған жарналарының жалпы сомасы 49,9 млрд теңгені құрайды, - делінген хабарламада.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Сондықтан азаматтарды мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеруге және сәйкессіздіктер анықталған жағдайда қордың елордалық филиалына хабарлауға болады.
Сондай-ақ, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы байланысуға болады.